ӘлеуметМәдениет

АҚ ТАРЫШЫНЫҢ ІЗІМЕН…

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ТАРЫ ӨСІРУДІҢ ӨЗІНДІК ТАРИХЫ БАР. АЛ ОНЫҢ ІШІНДЕ АҚ ТАРЫНЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК. АҚТӨБЕ ӨҢІРІНІҢ ТАРИХЫНДА ТАРЫ ӨСІРУМЕН АТЫ ҚАЛҒАН, ЕЛГЕ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВТІҢ ЕСІМІ ОСЫ ДАҚЫЛМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ. БҮГІНДЕ АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ДИҚАННЫҢ АҚ ТАРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІ ЖИНАҚТАП, ОНЫҢ ТҰҚЫМЫН САҚТАП, КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА ЖЕТКІЗУ БАҒЫТЫНДА ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ. ОСЫ БАҒЫТТАҒЫ ЖҰМЫСТАР Ш.БЕРСИЕВ АТЫНДАҒЫ ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ ӨНЕР ЖӘНЕ ӨЛКЕ ТАРИХЫ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯСЫНДА ДА ЖҮРГІЗІЛУДЕ.

Зерттеу жұмыстары барысында Ақтөбе қаласындағы облыстық тәжірибе станциясынан Шығанақ Берсиевтің ақ тарысына қатысты материалдар жинақталды. Сонымен қатар Ойыл өңірінде ақ тары өсіріп отырған Ринат Доспамбетовтың алқабына арнайы барып, зерттеу кездесуі ұйымдастырылды.

Тары алқабын аралау барысында ақ тарының сортына, егілу ерекшелігіне, шығымдылығына және өсіру технологиясына қатысты бірқатар мәліметтер алынды. Атап айтқанда, тарыны қай уақытта егу тиімді, оны суару қалай жүргізіледі, өсімдіктің биіктігі қандай, күтіп-баптаудың қандай жолдары бар деген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіді. Ринат Доспамбетов өз тәжірибесімен бөлісіп, ақ тары өсірудің қыр-сырын айтып берді.

Әрине, тары өсіру – сырт көзге қарапайым жұмыс болып көрінгенімен, оның да өзіндік машақаты бар. Дәнді жерге тастай салу жеткіліксіз. Жердің жағдайын білу, уақытын таңдау, күтім жасау, суару, ору секілді жұмыстардың әрқайсысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны тары алқабын аралап жүргенде анық байқауға болады.

Кездесу барысында Ринат Доспамбетов атасы Дәулетжан Доспамбетовтің өмірі мен еңбек жолы туралы да тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Бір әулеттің еңбек жолын жалғастырып, атадан қалған тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізуі – өз алдына бір өнеге. Себебі жердің тілін түсініп, оның қадірін білу де үлкен тәжірибені қажет етеді. Ринаттың тары өсіруге деген қызығушылығы мен ізденісі де осы еңбектің жалғасы іспетті.

Зерттеу кезінде тары дәндерінің өзіне де назар аударылды. Дәндердегі әртүрлі таңбалар мен ноқаттардың ерекшеліктері қарастырылып, кейбір белгілердің қазақ ру-тайпаларының таңбаларына ұқсастығы жөнінде қызықты пікірлер айтылды. Бұл – әлі де зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Тарының тек ауыл шаруашылығы дақылы ғана емес, оның айналасында қалыптасқан түрлі ерекшеліктердің де тарих пен таным тұрғысынан маңызы бар екені байқалады. Сондай-ақ зерттеу барысында табиғатта кездесетін егіз тары құбылысы туралы да құнды мәліметтер жиналды. Бір дәннен қос сабақтың шығуы секілді табиғи ерекшеліктер де тарының өзіндік қасиеттерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

Шығанақ Берсиевтің есімі тары өсірумен ғана емес, маңдай термен келген еңбектің, жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде ел жадында сақталған. Оның тары өсірудегі тәжірибесі мен жетістігі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болды. Сондықтан Шығанақтың ақ тарысына қатысты әрбір деректің жиналуы, сақталуы – өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды жұмыс.

Бүгінде сол ақ тарының тұқымын сақтап, өсіріп, көбейтуге талпынып жүрген азаматтардың еңбегі де назар аударуға лайық. Себебі бір кезде Шығанақ Берсиевтің есімін бүкіл елге танытқан ақ тарының бүгінгі тағдыры да маңызды. Оның тұқымын жоғалтпай, жергілікті жерде өсіріп, келер ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік.

Ринат Доспамбетовтың тары алқабына жасалған бұл зерттеу сапары да музей қорын жаңа мәліметтермен толықтырды. Жиналған деректер Шығанақ Берсиевтің ақ тарысына қатысты зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді.

 Г.АБАЙҚЫЗЫ

Related Articles

Back to top button