Әлеумет

ЕКІ АУЫЛДЫҢ БҮЛДІРШІНДЕРІН ҚУАНТТЫ

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл — Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы орайда балалар үшін  ауданда, ауылдық округтерде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Өткен аптада Ойыл ауданының екі округінің орталығында балалардың ойын алаңы салтанатты ашылып, ауыл балалары үшін нағыз мереке алаңы болды.

9 маусым күні Қараой ауылдық округінің орталық көшесінде, жергілікті бюджет есебінен балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Алдымен халықты бұл қуанышты сәтпен ауыл әкімі Айбек Сұлтанов құттықтап,салтанатты түрде ашты. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген алаңның лентасын ауыл үлкендері Амангелді Темірмұқанов пен Айжан Досбаева қиып, баталарын берді. Бұдан кейін, қуанышқа ортақтасып келген «Тағылым» әжелер клубының мүшесі З.Бозшиева құттықтап сөз сөйледі. Сондай-ақ ауыл жастары мен мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, концерттік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынды. Мұның бәрі балалар жылының қарсаңында есте қаларлық және ұмытылмас сәттердің біріне айналғаны анық.

Осындай ойын алаңының ашылуы Сарбие ауылдық округінде де балаларға зор қуаныш сыйлаған салтанатпен аталып өтті. Ауыл орталығындағы Молдағұлова көшесі бойынан құны 6 миллион тұратын балалар ойын алаңы ашылу салтанатында ауыл әкімі Дәурен Бисебаев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ауыл үлкендері бата беріп, әжелер шашуларын шашты. Ал жергілікті кәсіпкерлер бүлдіршіндерге тегін балмұздақ, түрлі тәттілер таратып, соңы ауыл өнерпаздарының концерттік шарасына ұласты.

Басқа жаңалықтар