ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ӘКІМНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ – АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІҢ АРҚАУЫ

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін өткізу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 қаулысына сәйкес І тоқсандағы халықпен кездесуі Сарбие, Қараой ауылдық округтерінде басталып, тұрғындармен аудан әкімі Асқар Қазыбаев кездесті.
Төрт ауылда өткен кездесуде аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстармен қатар «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіріп, тұрғындарды жобаға қатысуға шақырды.
Ауыл тұрғындары жол, газ, көктемгі су тасқыны және тағы да басқа өзекті мәселелерді көтерді. Шешу жолдары бойынша аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына, ауылдық округ әкіміне тапсырмалар берді. Жиын соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Өткен жұма күні кездесу Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді, Қарасу, Шұбарши елді мекендерінде жалғасты.
Биыл Көптоғайда атқарылып жатқан келелі істер көп. Ауылда дәрігерлік амбулатория салу жұмысы, әкімдік ғимаратының құрылысы, көшелерді жарықтандыру секілді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ал, Шұбарши, Қарасу елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су құбырының құрылысыда басталып кетті. Бұл екі ауыл үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді, Қарасу, Шұбарши ауылдарында жасанды төсеніш жамылғымен шағын футбол алаңы салынып пайдалануға берілді. Бұл ауылға жасалынып жатқан игі істердің жарқын көрінісі іспетті.
Биыл Көптоғай ауылдық округіне көгілдір отын құбырын тарту жұмысы басталатыны ауыл тұрғындарын қуантып отыр.
Ал тұрғындардың қойған ұсыныс-пікірлеріне тоқталсақ, Қарасу ауылының тұрғыны Базарбай Асылбаев ауылдың болашағы үшін бөлініп жатқан қаржылар мен игі істер үшін алғысын білдірді.
Амангелді ауылында қазіргі таңда өзекті болған қаңғыбас иттердің адамға жүгіріп, малға шабуы ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Көптоғайлықтар ауылға мешіт салу мәселесін көтерді. Сондай-ақ тұрғындар көктемде ауыл ішіне кіретін судың бағытын өзгерту, Сегізсай бағытындағы ауданға тіке қатынайтын жолды қырып, тегістеу жұмыстары тезірек қолға алынса деген ұсыныстарын білдірді.
Аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы шаруа қожалықтарға мемлекеттен берілетін қолдаулар мен пайызы төмен несиелерді тиімді пайдалану керектігін баяндап, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту мақсатында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының бағыттарын, қатысу шарттарын толық түсіндіріп өтті.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар