Саналы таңдау – жауапты шешім

Мен үшін саналы сайлау дегеніміз – міндетті түрде бір ғана «дұрыс» жауаптың болуы емес. Ең бастысы – адамның өз шешімін түсініп, ешкімнің қысымынсыз қабылдауы. Сайлау – азаматтың өз ұстанымын білдіріп, елдің болашағына қатысты пікірін ортаға салатын маңызды қоғамдық үдеріс.
Дауыс беру кезінде әр азамат ең алдымен өз таңдауының мәніне назар аударуы қажет. Кімге дауыс беретінін анықтау үшін кандидаттардың ұстанымымен, бағдарламасымен, ел игілігі жолындағы көзқарасымен танысып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін бағалаған жөн. Өйткені саналы таңдау эмоцияға немесе сыртқы ықпалға емес, нақты ақпарат пен жеке пайымға сүйенеді.
Сайлаушының дауысы – жай ғана таңдау емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір азамат өз шешімінің қоғам дамуына әсер ететінін түсінгені маңызды. Сондықтан сайлау кезінде біреудің пікірін қайталау немесе көпшілікке еру емес, өз жүрегің мен санаңдағы ұстанымға сүйену қажет.
Бүгінде ақпарат көп. Алайда ақпараттың көптігі оның бәрі шынайы дегенді білдірмейді. Осы ретте сайлаушылар үшін сенімді дереккөздерге сүйену, жалған ақпарат пен негізсіз пікірлерге ермеу – саналы азаматтық ұстанымның бір көрінісі.
Сайлаудың мәні тек дауыс берумен шектелмейді. Ол – азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін сезінуі, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауы және өз таңдауын еркін білдіруі.
Сондықтан саналы сайлау – «кім дұрыс?» деген сұрақтан бұрын, «мен неге дәл осы таңдауды жасап отырмын?» деген сұраққа жауап бере білу. Өз шешімін түсініп, оны ешкімнің қысымынсыз қабылдаған азамат қана шын мәнінде саналы таңдау жасайды.
Әр дауыс – азаматтың өз ұстанымы. Ал саналы таңдау – сол ұстанымға деген жауапкершілік.
Жаңгүл Изгарина
Ойыл аудандық мәслихат депутаты


