БАЛА КҮНГІ ҚЫМЫЗДЫҢ ДӘМІ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫ
АУЫЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН БІТЕ ҚАЙНАСҚАН АДАМ ҮШІН ТУҒАН ЖЕРДІҢ ӘРБІР ИІСІ МЕН ДӘМІНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК. ӘСІРЕСЕ, БАЛА КҮННЕН ТАНЫС ҚЫМЫЗДЫҢ ДӘМІ КӨҢІЛ ТӨРІНДЕ ҰЗАҚ САҚТАЛАТЫНЫ АНЫҚ. ОЙЫЛДЫҚ ЕРКЕБҰЛАН СИРАЖОВ ТА ЖЫЛҚЫНЫҢ ДҮБІРІН, ДАЛАНЫҢ ТІРШІЛІГІН БАЛА КЕЗІНЕН КӨРІП ӨСКЕН. БҮГІНДЕ ОЛ АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАСТЫРЫП, БИЕ БАЙЛАП, САУМАЛ МЕН ҚЫМЫЗ ӨНДІРІП, АУЫЛДЫҢ ТАБИҒИ ӨНІМІН ТҰТЫНУШЫҒА ҰСЫНЫП ЖҮР.

Еркебұланның айтуынша, жылқыға деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Әкесі жылқы ұстаса, әкесінің інісі Темірхан көкесі кезінде бие сауып, қымыз дайындаған. Бала Еркебұлан сол үйге ағасымен бірге барып, қымызды жарыса ішіп, тіпті қымызға масайрап ұйықтап қалатын кездерін әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.
Алайда уақыт өте келе бұл кәсіпке үзіліс болады. Мектепті аяқтаған соң Қ. Жұбанов атындағы университетке грантпен оқуға түсіп, мұнай-газ ісі мамандығын тәмамдайды. Кейін шетелдік бұрғылау компаниясында бес жылдай еңбек етеді.
– Демалыс сайын ауылға келіп тұрдым. Бәрібір ауылда өскен соң, мал қарау, далаға шығу, жылқымен айналысу жаныма жақын болды. Дипломым бойынша жұмыс істеп жүрсем де, ауылды ойлай беретінмін. Мал баққың, далаға шыққың келіп тұрады, – дейді Еркебұлан.
Осылайша, сыртта жүріп те ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын жоғалтпаған ол жылқы санын көбейте бастайды. Бес жылдан кейін біржола ауылға оралып, мал шаруашылығына бет бұрады. Ал бие байлап, қымыз өндіруді 2019 жылдан қолға алады.
Алғашында арнайы сауын биелерін сатып алып, тәжірибе жинақтайды. Кейін өз жылқыларын жуасытып, бие саууға үйретеді. Бүгінде бір үйір жылқысының ішінен сүттілігі мен жуастығына қарай іріктелген биелерді кезектестіріп сауып, тұрақты өнім өндіріп келеді.
Қымыз өндіру – отбасы мүшелерінің бірлескен кәсібі. Еркебұланға інісі де көмектесіп, бір-бірін алмастырып жұмыс істейді. Маусымдық кәсіп болғандықтан, бие байлау жұмысы мамыр айынан қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Жаздың қызған шағында күніне 30-40 литрге дейін қымыз өндіріледі.
Кәсіптің ерекшелігі – өнімнің табиғилығында ғана емес, оның дайындалу тәсілінде де. Қымызды күбіде пісіп, күбіні жергілікті жиде талы мен Жекенді сай бойында өсетін киікоты шөбімен ыстайды. Осы арқылы қымызға ауылдың өзіндік дәмі мен иісін сіңіруді мақсат етеді. Сонымен қатар бал қосып, бал қымыз да дайындайды.
– Ауылдың өнімі болғандықтан, қалада жүрген ауылдастарымыз туған жерін сағынғанда, ауылдың дәмін сезінсе екен дейміз. Қымызымызды жерлестеріміз тұтынып, алғыстарын айтып жатады. Сол сөздердің өзі бізге үлкен қолдау, – дейді Еркебұлан.
Өнімге сұраныс та жоғары. Ауыл тұрғындарынан бөлек, Ақтөбеден де тапсырыс түседі. Ойылдағы дүкендердің бірінде қымыз тұрақты түрде сатылса, Ақтөбедегі бірнеше дүкенге де жеткізіледі. Сонымен қатар саумал түрінде де өнім шығарып, Ақтөбедегі қымыз өндіретін цехтармен жұмыс істейді.
Бие сауылған бойда ішетін саумалды тұрақты тұтынушылар да бар. Ал қымыздың ысталған және бал қосылған түріне де сұраныс жоғары. Кәсіп иесі өнімнің барлық түрін қолжетімді бағада ұсынып отыр. Бір литр саумалдың, ысталған қымыздың және бал қымыздың бағасы – 1500 теңге.
Ұлттық сусынға деген сұраныстың артуы Еркебұланның да ізденуіне себеп. Қазір нарықта түрлі өңірлерден келетін қымыз түрлері бар. Оларға бәсекелестік таныту үшін ол өнімнің сапасына ғана емес, өзіндік ерекшелігіне де мән береді. Жергілікті шөптермен ыстап, бал қосып, қымыздың жаңа түрлерін ұсынып келеді.
– Қазақ – ежелден мал баққан ел. Ата-бабамыз ат үстінде өмір сүріп, жылқының етін жеп, сүтін ішкен. Бұл – біздің бойымызға сіңген дүние. Сондықтан біз жасап жатқан жаңалық емес, атадан қалған кәсіпті ары қарай дамыту, жаңғырту және барынша табиғи өнімді, ауылдың дәмін халыққа ұсыну.
Кәсіп иесінің алдағы жоспары да ауқымды. Ол жылқы санын арттырып, сауын биелердің қатарын көбейтуді көздейді. Өйткені өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
– Тұтынушылар тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Кейде өнімді халықтың сұранысына сай жеткізіп үлгермей қалатын кездер де болады. Бір нәрсеге кәсіп жасағаннан кейін өнімің өтпесе қиын. Ал өнімің халыққа ұнап, сұранысты толық қанағаттандыра алмасаң, ол одан да қиын екен, – дейді ол.
Биыл кәсіпкерге ауыл әкімшілігі тарапынан да қолдау көрсетіліп, жайылымдық жер берілген. Ендігі мақсат – сол аумақта жылқы санын көбейтіп, бие саууды кеңейту. Осы арқылы өнім көлемін арттырып, сапалы қымыз бен саумалды тұтынушыларға тұрақты түрде ұсыну.
Еркебұлан үшін бұл – жай ғана табыс көзі емес, бала күнінен жанына жақын болған ата кәсіпті жалғастырудың жолы. Бір кездері ағасымен жарысып ішкен қымыздың дәмі жылдар өткен соң оны ауылға қайта жетелеп, бүгінде отбасылық кәсіпке айналды. Ауылдың табиғи өнімін дәріптеп, туған жердің дәмін жан-жаққа жеткізуге ұмтылған жас кәсіпкердің еңбегі де осында.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.



