ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТТІҢ ҚОС ЖЕҢІСІ

Білім саласындағы үздіктерді анықтап, ұстаздар мен оқушылардың ізденісін қолдауға бағытталған «Leader TopIQ» республикалық байқауын «Алматыкітап баспасы» жыл сайын ұйымдастырып келеді. Биыл дәстүрлі білім додасы алтыншы рет өткізіліп, оған еліміздің әр өңірінен ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – білім беру үдерісінде заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүрген үздіктерді анықтап, олардың озық тәжірибесін насихаттау.
Білім бәйгесінде бақ сынаған Саға мектеп-балабақшасының ұстазы мен оқушысы қатарынан жүлделі орындарға ие болып, білім ордасының мерейін үстем етті.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аяғөз Тілектесова «Жас маман» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленіп, 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ал 2-сынып оқушысы Гүлдана Артурқызы байқауда үздік нәтиже көрсетіп, І орын алды. Жас жеңімпазға 150 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Ұстаз бен шәкірттің бір байқауда қатарынан жүлде алуы – Саға мектеп-балабақшасы үшін үлкен жетістік. Бұл нәтиже – ізденіс пен еңбектің, білімге деген құштарлықтың жемісі.



