Жаңалықтар

АДАЛДЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТЫ

ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ АЙБЕК ШІЛМАНОВ БАСТАҒАН ОБЛЫСТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ТОБЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ.

Жұмыс сапарының алғашқы шарасы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудандық форум болды. Аудандық мәдениет үйінде «Ашық диалог» алаңы форматында өткен жиынға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында ардагерлер мен қоғам белсенділері, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар және бизнес қауымдастығының мүшелері болды.

Форум барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды. Департамент басшысы Айбек Шілманов, аудан әкімі Асқар Қазыбаев, ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталығы облыстық филиалының жетекшісі Әсел Мұстафина сөз сөйлеп, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында аудан тұрғындары мен белсенділері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Жұмыс сапары барысында аудан тұрғындары үшін қоғамдық қабылдау да ұйымдастырылды. Қабылдауға келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей жеткізіп, тиісті түсіндірмелер алды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, әлеуметтік қолдау шаралары және аудан көлеміндегі өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заңнама аясында түсіндірме беріліп, көтерілген мәселелердің оңтайлы шешу жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар департамент басшысы аудан активімен кездесіп, мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістерге тоқталды. Кездесуде Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңға сәйкес енгізілетін негізгі бағыттар түсіндірілді. Оның ішінде мемлекеттік қызметті халыққа бағдарланған сервистік модельге көшіру, мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру мәселелері айтылды.

 

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтегі адалдық мәдениетін қалыптастыру, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарына ерекше мән берілді. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі, мемлекеттік қызмет ардагері Серік Ботағарин сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілер үшін адалдық, отансүйгіштік пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Ойыл ауданындағы жұмыс сапары барысында өткен кездесулер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналды. Ашық форматтағы жиындарда көтерілген ұсыныстар мен мәселелер алдағы жұмыстарда ескеріліп, тиісті бағыттар бойынша нақты шаралар қабылданатын болады.

Гаухар АБАЙҚЫЗЫ.

Related Articles

Back to top button