ТӘРБИЕ ТАҒЫЛЫМЫН ТОЛҒАҒАН АНАЛАР
«Тәрбие басы – тал бесік». Қазақ үшін мағынасы терең осы сөздің астарында ұрпақ тәрбиесі, ана өнегесі, ұлттық құндылық жатыр. Осы тақырыпты арқау еткен тағылымды эссе байқауы Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен, Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қолдауымен өтті.

Байқауға орталықтың 18 қатысушысы атсалысып, ана тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылығы мен ұрпақ сабақтастығы жайында өз ойларын қағаз бетіне түсірді. Әр эсседен автордың өмірден түйгені, көргені мен көңілге тоқып жүргені аңғарылып, аға буынның кейінгі ұрпаққа айтар ақыл-кеңесі мен тағылымы көрініс тапты.
Жазылған шығармаларды ауданымыздың қоғамдық, мәдени және рухани өміріне өзіндік үлес қосып жүрген білікті қазылар алқасы сараладыБайқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар өз бағасын алды.
І орын және «Үздік шығармашылық жұмыс» номинациясы – Айжан Алманиязоваға, ІІ орын және «Тіл көркемдігі» номинациясы – Әлия Базарбаеваға, ІІІ орын және «Тәрбиелік мәні жоғары эссе» номинациясы – Қанифа Тұрмұхановаға бұйырды.
Жүлдегерлер арнайы марапаттармен атап өтілсе, байқауға белсене қатысқан өзге 15 қатысушыға ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл байқаудың жөні бөлек. Себебі қалам ұстаған аналар – өмірдің талай белесінен өткен, көргені мен көңілге түйгені мол жандар. Олардың әрбір жазған жолынан өмірлік тәжірибе, аналық жүректің мейірімі мен ұрпаққа деген алаңдаушылық сезіледі.
Шараның негізгі мақсаты да – ақ жаулықты аналардың осындай тағылымды ойларын кейінгі буынға жеткізу. Әсіресе жас аналар мен келіндерге отбасы тәрбиесінің маңызын түсіндіріп, ұлттық құндылықтарды бойға сіңірудің мәнін ұғындыру.
Ал, байқаудың үздік үш эссесі оқырман назарына «Ойыл» қоғамдық-саяси газетінде ұсынылады.
Өз тілшіміз



