ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН БІРТУАР ПЕРЗЕНТ, «АҚ ТАРЫНЫҢ АТАСЫ» АТАНҒАН ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВТІҢ 145 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ШЫҒАНАҚ – ӨНЕГЕЛІ ӨМІР» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.
Бұл – жай ғана еске алу шарасы емес, еңбегімен елге үлгі болған дара тұлғаның өмір жолын зерделеп, өнегесін ұрпақ санасына сіңірген рухани тағылымды басқосу болды.
Кездесудің арнайы қонағы – ұзақ жылдар бойы Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбегін зерттеп, тың деректер жинап жүрген «Үздік өлкетанушы», «Шығанақтанушы» Алманиязова Айжан Ақжарыққызы болды. Айжан Алманиязова атаны ғылыми зерттеу жолындағы ізденістерімен бөлісіп, көпшілікке беймәлім тың мағлұматтар ұсынып, Шығанақтың тұлғалық болмысы мен тары өсірудегі теңдессіз еңбегін кеңінен таныстырды.
Шара барысында Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен арнайы көрме жасақталып, тарихи жәдігерлер мен деректер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме арқылы өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды тарихтың тереңіне бойлай түсті.
Кездесуде Шығанақ Берсиев туралы пьеса жазып, оның рөлін сомдаған Амангелді Жұманов ағамыз, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев ағамыз, Саралжын ауылынан арнайы келген агроном Жоныс Иманғалиев ағамыз, аудандық музей директоры Дулат Исабаев сөз алып, өз ойларын ортаға салып, ұлы тұлғаның өмірі мен еңбегіне қатысты естеліктері мен пайымдарын бөлісті.
Кездесу барысында Шығанақ Берсиевтің аудан тарихындағы ғана емес, қазақтың егіншілік мәдениеті мен еңбек тарихындағы айрықша орны тағы бір мәрте айқындала түсті.
Тағылымды шараның жалғасы аудан орталығында орналасқан Шығанақ Берсиев ескерткішіне тағзым етумен жалғасты. Ұлы тұлғаның рухына құрмет көрсетіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Ақ дастархан басында үлкендер бас қосып, өткенді еске алып, «Берсиевшілер маршын» шырқап, Амангелді ақсақал Шығанақ Берсиевтің рухына арнап Құран бағыштады.
Шара соңында Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының атынан Айжан Ақжарыққызына атаның өмірі мен мұрасын зерттеуге қосқан еңбегі үшін Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.



