Жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

Ойыл қазақ орта мектебінде жас ұрпаққа еңбек, білім мен өнердің қадірін дәріптеген тағылымды кездесу өтті. Кешке елге еңбегі сіңген ардақты азаматтар – профессор Рахим Қарабалиев, нотариус Баян Шоқпарова, әнші-сазгер Болат Есмұханов және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі әнші Мара Есмұханова қатысты.

Кездесу барысында қонақтар оқушылармен өздерінің өмір жолы, еңбек пен білімнің адам қалыптастырудағы маңызы, өнердің ұлт руханиятындағы орны туралы сыр бөлісті. Әрқайсысы өз саласындағы еңбегімен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге көрсетті.

Баян Шоқпарова – қарапайым еңбек жолынан бастап, білімін жетілдіру арқылы заң саласының білікті маманы атанған, бүгінде нотариус қызметін абыроймен атқарып жүрген жан. Оның өмір жолы – ізденіс пен еңбектің жемісін көрсетеді.

Ал қазақ өнерінің көрнекті өкілдері Болат Есмұханов пен Мара Есмұханова ән мен сазды өмірлерінің өзегіне айналдырып, ұлттық өнерді насихаттауға мол үлес қосты. Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолы бар Мара Есмұханованың сырлы үні талай сахнада шырқалып, қазақ ән өнерінің қадірін арттырды. Болат Есмұхановтың сазгерлік еңбегі де ел мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.

Кездесудің тағылымы профессор Рахим Қарабалиевтің әкесі, майдангер әрі ұлағатты ұстаз Қожас Бақиұлының өнегелі өмірімен де сабақтасты. Қожас Бақиұлы Ойыл өңірінде білім мен спорттың дамуына айрықша үлес қосып, жастарға футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес және басқа да спорт түрлерін үйретіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген.

Әке жолын жалғаған Рахим Қожасұлы да өмірін білімге, спортқа және қоғамдық қызметке арнады. Әке рухына тағзым ретінде оның ұйымдастыруымен шағын футболдан еске алу турнирі өткізіліп, жас спортшылар бас қосып, тартысты бәсеке көрсетті. Бұл шара – Қожас Бақиұлының жарқын есімін ұлықтап, спорт арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастырған игі бастама болды.

Кеш соңында мектеп оқушылары қонақтарға өз қолдарымен дайындаған сыйлықтарын табыстап, шынайы алғыстарын білдірді.

Осындай тағылымды кездесулер жастарға еңбек пен білімнің, өнер мен спорттың адам өміріндегі маңызын түсіндіреді. Елге қызмет еткен аға буынның өнегесі – кейінгі ұрпаққа аманат.

«Еңбек – қуаныш, еңбек – бақыт!» Еңбекқор, білімді, өнерлі жастарымыздың болашағы жарқын болсын!

Бекет МҰҚЫШОВ,

Ойыл қазақ орта мектебінің кәсіптік бағдар беруші педагогі.

Related Articles

Back to top button