Заң мен Тәртіп

«ЗАҢ КЕРУЕНІ» –ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕКТІҢ КЕПІЛІ

ЗАҢДЫ БІЛУ – ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒАУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ. АЛ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРЫП, КӨКЕЙДЕГІ САУАЛДАРЫНА НАҚТЫ ЖАУАП БЕРУ – ҚОҒАМДАҒЫ ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ. ОСЫ МАҚСАТТА ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН «ЗАҢ КЕРУЕНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК АКЦИЯСЫ ӨТТІ.

Іс-шараны Ойыл ауданының прокуратурасы Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде ұйымдастырды. Акция Ойыл аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған уәкілетті мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының өкілдері мен бөлім басшылары қатысты.

Акция барысында тұрғындар өздерін толғандырған түрлі құқықтық мәселелер бойынша сала мамандарынан тегін кеңес алды. Азаматтарға бірнеше маманнан бір мезгілде кеңес алу мүмкіндігі ұсынылып, әр мәселе бойынша жан-жақты түсіндірме берілді.

Іс-шараға аудан әкімі Сәкен Займолдин, аудан прокуроры Рауан Тобықов, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Заң керуені» акциясының басты ерекшелігі – тұрғындардың нақты мәселелерін назарға алып, тиісті мамандардан тікелей кеңес алуына мүмкіндік берілуі. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді.

Құқықтық көмекке жүгінген тұрғындар өз сауалдарына жауап алып, заң аясында шешу жолдары жөнінде қажетті ақпаратқа қанықты. Бұл – әр азаматтың өз құқығы мен заңды мүддесін білуінің және оны қорғаудың маңызын көрсетеді.

Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Related Articles

Back to top button