Жаңалықтар

ЖАСТАРМЕН БІРГЕ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ!

Жастардың әлеуетін арттырып, бастамаларына қолдау көрсету – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Ойыл ауданына жұмыс сапарымен келген облыстық жастар саясаты саласының өкілдері аудан жастарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жастармен жұмыстың өзекті мәселелерін талқылады.

Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Санжар Жайлыбай мен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садықтың жұмыс сапары аудан әкімі Сәкен Ғазизұлымен кездесуден басталды. Кездесуде өңірдегі жастармен жұмыстың барысы, жас буынды қолдау және алдағы міндеттер сөз болып, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметін жетілдіру бағыттары талқыланды.

Сапар аясында «Жастармен бірге – жаңа мүмкіндіктерге» тақырыбында ауданның белсенді жастарымен ашық кездесу ұйымдастырылды. Жиында білім алу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық белсенділікті арттыру және жастар бастамаларын қолдау мәселелері қозғалды.

Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сала мамандары жастарға көрсетілетін қолдау шаралары мен өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағытталған жобалар жөнінде ақпарат берді.

Бұдан бөлек, облыс өкілдері Ойыл аграрлық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттермен кездесті. Ашық форматтағы әңгіме барысында кәсіби білім алу, еңбекке орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу және қоғамдық өмірге белсенді араласу жайы талқыланды.

Жұмыс сапары қорытындысында аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысын жетілдіруге қатысты әдістемелік ұсыныстар беріліп, жастармен жұмысты жандандырудың алдағы бағыттары белгіленді.

Жас буынның бастамасына қолдау көрсету, олардың білім алып, еңбекке араласуына және әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – ел болашағына бағытталған маңызды міндет. Ойылдағы ашық диалог жастардың ұсыныстарын ескеріп, алдағы жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Related Articles

Back to top button