ОЙЫЛДА АЛҒАШ РЕТ ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ГЕМОСТАЗ СӘТТІ ЖҮРГІЗІЛДІ

Ойыл аудандық ауруханасында заманауи эндоскопиялық емдеу әдісі алғаш рет сәтті қолданылды. Хирургиялық бөлімшеге асқазан-ішек жолынан белсенді қан кету белгілерімен науқас шұғыл түрде жеткізілді. Науқастың қан аралас құсуы, жалпы әлсіздік сияқты шағымдары болған. Жүргізілген медициналық тексеру нәтижесінде Мэллори–Вейс синдромы анықталып, белсенді қан кету белгілері тіркелді.
Науқастың жағдайын жедел бағалаған хирург және эндоскопист дәрігерлердің бірлескен шешімімен шұғыл түрде фиброэзофагогастродуоденоскопия (ФЭГДС) жасалды. Эндоскопиялық зерттеу барысында асқазан-өңеш аймағындағы шырышты қабаттың жыртылуынан қан кету анықталды. Қан кетуді тоқтату мақсатында эндоскопиялық гемостаз жүргізілді. Арнайы эндоскопиялық әдістер арқылы қан кету көзіне гемостатикалық шаралар жасалып, нәтижесінде қан кету толық тоқтатылды. Тұрақты гемостазға қол жеткізілді.
Бұл — Ойыл аудандық ауруханасында эндоскопиялық гемостаз әдісінің алғаш рет қолданылуы. Заманауи эндоскопиялық технологияларды медициналық тәжірибеге енгізу — аудан тұрғындарына шұғыл және сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттыратын маңызды қадам. Бұл әдіс қан кету жағдайларында науқасқа қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсетіп, оны жергілікті жерде емдеуге мүмкіндік береді.
Ем-шарадан кейін науқастың жағдайы тұрақталып, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты деңгейде болды. Қайталама қан кету белгілері байқалмады. Науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында болып, тиісті ем қабылдады.



