Жаңалықтар

КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СӨЙЛЕСЕ…

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толып отыр. Бүкіл әлемді таң қалдырған дүние жүзі рекорд сыры неде? Ғабиден Мұстафинның «Шығанақ» романын оқыдыңыз ба? Мына бір көне құжатта Шығанақ звеносының құрамы көрсетілген 7 ер адам, 11 әйел адам, 18-ақ адам. «Құрман» ұжымшары (колхоз) 1944 жылғы  мына құжатта тек «Суармалы егін шаруашылығының озаттары ғана көрсетілген. «Кемерши», «Қаракөл», «Құрман», «Жаңа қадам» ұжымшарының озаттары ғана. Бұл тізімде қанша адамның қалып қойғаны ел жадында, ұмытылған жоқ, ұмытылуы да мүмкін емес, жаңғыртылуы жөн болар еді. Яғни, бұл той — қарасулықтардың да тойы, мерекесі. Ұрпақ сабақтастығының асыл көрінісі болғанын қалар едім.

Алыпты айналасы аласартпайды, биікке көтереді. Жалғыз ағаштың орман болмайтынын дәлелдеу керек емес. Шығанақ атамыздың тойында осы азаматтардың ұрпақтарына сый-сияпаттар берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-әжелерінің дүниежүзілік рекордқа қосқан үлестеріне масаттанып, жігерленіп, қуанышқа бөленер еді. Бұл тізімде көрсетілмеген – біздер жақсы білетін, көптеген ата-әжелерді де ескергеніміз жөн болар еді. Ең үлкен бақыт-еңбектің бағаланғаны, ұмытылмағаны.

«Каракөл» звеносының жетекшісі Күлмес Нұрлыбаева апамыз «Суарманың жабына талай тірілей көмілдік кой. Тары әбден су ішкенше, су ішінде жататынбыз. Ұрпақ та дүниеге әкеле алмадық, денсаулығымызды бердік кой» – деп отыратын. Бұл ащы да болса шындық. Олар біздің болашағымыз, тәтті тұрмысымыз жолында бәрін берді. Біздер, аға ұрпақ алдында қарыздар екенімізді ұмытпалық. Олар ұйқысы қанып ұйықтамады, таңның атысынан күн батқанша еңбек етті, тойып тамақ ішпеді, бел шешпей еңбек етті. Бір түйір тарыны аяқ асты қалмады, ұрлық жасамады. Егіс алқабында «арам шөпке бықтыртай тиді», тарыны қолмен орып, аяқпен бастырды. Адал еңбек, ащы тер, жанқиярлық ауыртпалық, ұрпаққа деген сүйіспеншілік, әрқашан ұмытылмауы керек. Әрқашан аға ұрпақтың ұлағаты мен өнегесі біздерді алға жетелейді, биіктерге щақырады.  Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ»  романын алдырып, тарату керек.

Шығанақ тойы — Қарасудың тойы. Тойдан ғибрат алу үшін жасалу керек. Той тойланып қана қоймай, естеліктерде қалғанын қалар едім.

Саламат ШАҢҒАЛА,

Еңбек ардагері.

Related Articles

Back to top button