Жаңалықтар

Астанада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторының басын қосқан көрме-жәрмеңке ашылды

Елордада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Aqtobe Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған шарада Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық өнімдерін, шығармашылық жобалары мен жергілікті брендтерін таныстырады.

Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының алаңында, Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында қолөнер шеберлері, дизайнерлер мен суретшілер, мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, IT мамандары және Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттары бар.

Көрмеде зергерлік бұйымдар, тері, ағаш, сүйек пен жүннен жасалған туындылар, киіз бұйымдары, сырмақ, басқұр, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар ұсынылған. Келушілер шеберлердің жұмыс барысын көріп, практикалық шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Бағдарламада зергер Болат Атыраубаев, киіз басу шебері Рабиға Испулатова, қолөнер шебері Ерқосай Әбілов және суретші Қайрат Ноғаевтың сабақтары қарастырылған. Экспозиция дәстүрлі қолөнер үлгілерімен қатар, заманауи сұранысқа бейімделген авторлық өнімдерді де қамтиды.

Көрме-жәрмеңкенің сән кеңістігінде ақтөбелік жеті дизайнердің топтамалары таныстырылған. Сән көрсетіліміне «SAULEMAI COUTURE», «Trumova Collection», «SYRMAK», «ULPAN SAN UI», «MARKA» сән үйлері мен Azamat SAIN бренді қатысады.

Мәселен, «SYRMAK» дәстүрлі сырылып тігілетін сырт киім үлгілерін заманауи oversize пішінімен үйлестірсе, «Trumova Collection» ұлттық нақышты әйелдер киіміне енгізеді. «ULPAN» мен «SAULEMAI» де дәстүрлі құндылықтарды заманауи сән тілімен жеткізуге басымдық береді.

2015 жылы құрылған Azamat SAIN бренді балалар киімінің топтамасын паш етеді. Бренд сапалы материалдарға, киім бөлшектерінің мұқият орындалуына және заманауи дизайнға мән береді. Оның өнімдері бұған дейін шетелдік сән алаңдарында да таныстырылған.

Related Articles

Back to top button