ҰСТАЗ ЕСІМІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА
Құрман орта мектебінде білікті ұстаз, педагог-зерттеуші Ақтоты Қыстаубаеваның жарқын бейнесін ұлықтау, өнегелі өмірі мен ұстаздық жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында аудан көлемінде тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның алғашқы бөлімінде 7-сынып оқушылары арасында «Тарих білгірі» атты аудандық кіші олимпиада өтті.

Білім додасының басты мақсаты – оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын арттыру, білімдерін саралау және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Шараның екінші бөлімі «Жүректе қалған жарқын бейне» атты еске алу кешіне ұласты.
Кеш барысында марқұм ұстаздың туған-туыстары, бауырлары, сыныптастары, отбасы мүшелері, балалары мен бірге қызмет атқарған әріптестері сөз алып, Ақтоты Тұрғанбайқызының адамгершілік қасиеттері, ұстаздық болмысы, кәсіби шеберлігі мен өмір жолынан сыр шертетін естеліктерімен бөлісті. Әрбір естелікке толы әңгіме асыл ұстаздың артында қалдырған өшпес ізін, шәкірт жүрегіндегі ерекше орнын айқындай түсті. Кештің маңызды сәттерінің бірі – Ақтоты Тұрғанбайқызының апасы Назгүл Қыстаубаеваның «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері болды. Тағылымды туынды оқырманға жол тартып, ұстаздың өнегелі өмірін, жарқын бейнесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін рухани мұраға айналды. Салтанатты шара соңында демеушілердің қолдауымен олимпиада жеңімпаздары марапатталып, жүлдегерлерге мектеп ұжымы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Ұстаздың ғұмыры қысқа болғанымен, оның шәкірттеріне сіңірген еңбегі, адамдық болмысы мен кәсіби өнегесі – мәңгілік. Ақтоты Тұрғанбайқызының жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде, шәкірттерінің жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары сөзсіз. Ұстаз есімі – ұрпақ жадында, өнегелі жолы – мәңгілік!



