Еңбек адамы

ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Ықылас Қарабалин 1971 жылы дүниеге келген. 1988 жылы Берсиев атындағы орта мектепті тәмамдаған жас жігіт сол жылдың жазында-ақ еңбекке араласады. Берсиев кеңшарында суармалы жоңышқа алқабында марқұм Аман Жұмағұловтың қарамағында жұмыс істейді. Ол кезде небәрі 17 жаста еді. Жастайынан еңбекке араласқан азаматтың өмір жолы осылай басталды.

1988–1990 жылдары әскери борышын өтеп, елге оралған соң ауылдағы орталық ауызсу мекемесіне сантехник болып жұмысқа орналасады. Кейін Берсиев кеңшарының мал бордақылау пунктінде жұмысшы болып еңбек етеді. Кеңшар тарағаннан кейін де қол қусырып отырмай, 1996 жылы өзі білім алған Берсиев атындағы орта мектепке от жағушы болып орналасады. Ал 1998 жылдан бастап осы мектепте сантехник қызметін атқарады.

Мектеп қабырғасында өткен жылдар оның еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жиырма екі жыл бойы жылу жүйесіне жауапты болып, қыстың қақаған аязында оқушылар мен ұстаздардың қалыпты жағдайда білім алып, жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға атсалысты. Жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жұмыста ұқыптылық пен тәжірибе ғана емес, әр іске мұқият қарау да маңызды.

– Өз ісінің маманы болу үшін адамда ең алдымен жауапкершілік болуы керек. Әркім өзіне жүктелген міндетті білуі тиіс. Мен мектепте сантехник болып 22 жыл жұмыс істедім. Сол уақыт ішінде жылу жүйесіне жауапты болдым. Өз міндетімді атқара білдім деп есептеймін. Қай салада да білімсіз болмайды. Әсіресе, қазіргі жұмысымда халықпен тікелей байланыста болғандықтан, әртүрлі сұрақтарға дайын болып, мәселені түсіндіре білу қажет, – дейді Ықылас аға.

2020 жылдан бері ол «Энергосистема» ЖШС-нің Ойыл ауданы бөлімшесінде электромонтёр-контролёр болып қызмет етіп келеді. Бұл саладағы жұмыс та оңай емес. Электрмен байланысты қызмет қауіпсіздік пен сақтықты, кәсіби білімді және жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар тұрғындармен күнделікті байланыс орнату да жұмыстың маңызды бөлігіне айналған.

Электр жарығына қатысты мәселелер, есептегіш көрсеткіштері мен төлемдер жөніндегі сұрақтар – тұрғындарды жиі толғандыратын тақырыптар. Осындай кезде маманның өз ісін жетік білуі, жағдайды түсінікті етіп жеткізе алуы маңызды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл міндеттердің артында халыққа қызмет ету, әр адамның мәселесіне түсіністікпен қарау секілді жауапты жұмыс тұр.

Ықылас Қарабалиннің айтуынша, адам қай жерде еңбек етсе де, өз жұмысына немқұрайды қарамауы керек. Өйткені әр маманның өз міндеті бар, ал сол міндетті адал орындау – кәсібиліктің басты белгісі. Оның еңбек жолындағы әр кезеңі осы ұстаныммен сабақтасып жатыр.

Еңбек жолымен қатар, Ықылас аға үшін отбасының орны бөлек. Ол 1992 жылы шаңырақ көтеріп, жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Екі ұл, үш қыздың әкесі. Қыздары тұрмыста, ұлдарының бірі жоғары оқу орнын тәмамдап, өзге салада еңбек етіп жүрсе, кенже ұлы студент. Отбасының берекесін сақтап, бала тәрбиесіне көңіл бөлу де үлкен еңбекті қажет етеді. Жұбайы ауылдағы наубайханада жұмыс істейді.

Жас кезінен еңбекке араласып, түрлі салада тәжірибе жинаған Ықылас Қарабалин үшін жұмыстың негізгі өлшемі – жауапкершілік пен адалдық. Бірнеше жыл емес, тұтас еңбек жолы бойында өзіне тапсырылған міндетті атқаруды басты орынға қойған азаматтың өмірі осыны аңғартады.

Еңбек адамының қадірі де осында. Ол еңбегін дабыра қылмайды, күнделікті міндетін орындауды парызы санайды. Ал осындай қарапайым да жауапты қызметтердің арқасында ауыл тіршілігі жалғасып, тұрғындардың тұрмысына қажетті жағдай жасалады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Back to top button