Ақ тарыны жаңғыртқан Ринат

Шығанақ Берсиев әлемге Ойылдың ақ тарысын танытып, 1943 жылы 40 гектардың 4 гектарынан 201 ц. өнім алып, биология ғылымын таңқалдырған өнімімен әлемдік рекорд орнатқаны белгілі. Шығанақтың ізбасарлары кейінгі кезеңге дейін ақ тарыны егіп, ата жолын қуып келді. Ойыл ауданында қызыл тары егіліп, Ақтөбенің брендіне айналып та үлгерді. Тары егуді қолға алған Қаратал ауылында басшылық жасағандардың бірі — Дәулетжан Доспанбетов еді…
Еңбек жолын 1956 жылы «Калинин» колхозында бастаған ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1968-1975 жылдары «Жетікөл» совхозында бас агроном, 1975-1976 жылдар аралығында «Жетікөл» совхозы партия комитетінің хатшысы, 1976 жылғы қарашадан 1991 жылдың қазан айына дейін Шығанақ Берсиев атындағы совхоз, ал 1991 жылдың қазан айынан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Амангелді атындағы совхоз директоры болып жасаған. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін 1973 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Осы өңірде Ш.Берсиевтің шәкірті — Зәуре Баймолдина Ұлы Отан соғысы жылдарында қажырлы еңбек еткені белгілі. Еңбек жолында «Кемерши», «Құрман» ұжымдық шаруашылықтарда тары өсіру звеносының жетекшісі болды. Осы кезде Ойыл ауданында суармалы жерде ақ тары өсіретін звенолар қалыптасты. Ақбала Берсеева, Қашқын Соқыров, Таған Ұзақбаевтар жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсеткен. Ш.Берсиев атындағы совхозды басқарған жылдары Дәулетжан Қаратал ауылына жаңа үлгідегі тері, жүн өндейтін цех салдырды. Сол жылдары ақ тарыдан мол өнім алып, совхоз ыдыраған кезге дейін қызмет еткен. Дәулетжан Сатанұлы Шығанақ атаның қызы Ақжібектен 24 дана ақ тарының тұқымын алған және оны газетке орап, қолына ұстайтын дипломатқа салып, Ақтөбеге көшкен кезден, 2023жылға дейін үй шатырында сақтаған. 2007 жылы дүниеден озған Дәулетжан ағамыздың отбасы оны білмеген. Тек қана немересі Ринат құжаттарды іздеп жүріп тапқан. Шағын ауласындағы бау-бақша арасына 24 дана тары тұқымын алғаш сеуіп, оны шығады деп күтпеген. Әжесі — Балзия Бисенғалиқызы жастайынан әкесінің тары өсірумен айналысқаны белгілі. Осы тарыны күтіп, баптау жұмыстарын немересіне көрсеткен. 2023жылы егілген тары, көп ұзамай, ылғалдың көптігінен бе, әлде таңғажайып табиғаттың құдіреттілігінен бе 40 жылдан астам уақыт сақталған Дәулетжанның Шығанаққызы Ақжібектен алған тарысы көктеп шықты. Алғашында 24 түйір дәннен шыққан ақ тарыны жинап Ринат 2025 жылы қайта септі. Биыл да сол тары дақылын ауласындағы щағын алқапқа егіп, мол өнім алды.
Әлемге ақ тарысы мен танылған Ш.Берсиев туралы музей қорына тарихи деректер мен ел ауызында қалған мәліметтерді жинақтау мақсатында Ақтөбе қаласына арнайы бардық. Балзия Бисенғалиқызы мен Ринат Оралұлымен кездесіп, сқхбаттастық. Ринаттың айтуынша алғаш қолына түскен тары тұқымын шие талының етегіне немесе адам жүретін жердің жиегіне салған. Ол дән 30-33 күнде көктеп шыққан. Әжесі байқамай арам шөп деп жартысын жұлып тастаған. Бұл тарының шығуына сенбеген сыңайлы. Кейін тарының көктегенін біліп қуанған. Алдағы уақытта Ойыл ауданы, «Ш.Берсиев» ауылдық округіндегі тары алқабына осы ақ тары тұқымын егіп, Шығанақ атаның жолын жалғастырсам деп армандайды Ринат Оралұлы.
Д. ИСАБАЕВ,
Ойыл аудандық Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің директоры.



