АТАҚТЫ ТАРЫШЫ (Шығанақ Берсеевтің іс-тәжірибесінен)
Дүние жүзіне қазақ халқын танытқан диқаншы Ш.Берсиевтің туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата облыс көлемінде аталып өтеді. Мерекеге дайындық іс-шараны өткізу жоспарлы түрде жүргізілуде. Облыста, ауданда диқанның ерен еңбегі, егін шаруашылығындағы ізденістерін насихаттау мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. Атаның туған жеріндегі мәдени әлеуметтік салаларының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, мәдени шаралар жалғасын табуда. Газет беттеріне естеліктер, мақалалар жарияланып, диқан туралы кітап та жарық көрді. Мұрағаттан алынған мақаланы оқырмандарға ұсынамын.

Социалистік Отанымыздың белгілі тарышысы Ш.Берсеев жолдас колхоз құрылысының алғашқы күнінен бастап өзінің ауылдастарымен бірге ауылшаруашылық артеліне мүше болып кірді. Ол колхозда адал, абыройлы іс істеп өсті, жетілді. 1938 жылдан бастап, ол Ойыл ауданы (Ақтөбе облысы) «Құрман» колхозының звено бастығы болып жұмыс істеді, оны колхозшылар тарының бастығы, ақ тарының атасы дейтін еді..,
Берсеев өзінің көп жылдар бойы іс тәжірибесімен, еңбек нәтижесімен агрономия ғылымына бағалы үлес қосқан Отанның атақты адамы. Ол мұндай даңққа совет үкіметі, колхоз құрылыс кезінде, Ленин-Сталин партиясының басшылығы арқасында ғана жетті. Берсеев және Берсвеевшілер — бұлар колхоз құрылысы туғызған жаңа адамдар.
«Жаратылыстағы тілсіз жауға қарсы тамаша техникалық құралмен күреске шыққан, жаратылысқа оны қайта өзгертуші көзімен қарайтын колхозшы егіншілік тарихының барлық кездерінде және халықтарда болмаған мүлде жаңа егінші болып табылады. (И.Мичурин).
Ш.Берсеев өзінің өмірінде үнемі тары егісін өсрумен шұғылданған, тәжірибелі егінші. Менің тары егудегі тәжірибем, — дейтін ол, «Егер өсімдікке, оның өміріне керекті жағдайдың бәрі жасалса, оған керек жарық, жылу және ылғал неғұрлым көп берілсе, өнімді көп алудың шегі жоқ екенін көрсетті. Суарма егіс салу – ауа-райы қандай болса да, егістен жыл сайын өнімді мол алуды қамтамасыз ету деген сөз.
Берсеев 1940 жылы тарыдан бүкіл дүниежүзілік рекордтық өнім алды. Сол жылы Берсеевтің звеносы тарының әрбір гектарынан 125 центнерден өнім алды. Бұл тары егісінен мол өнім алу жөнінде жер жүзілік рекорд еді.
Сөйтіп қарапайым колхозшы Ш.Берсеев егіннен мол өнім алу адамның өзіне, оның жаратылыстың мылқау күшімен күресе білуіне байланысты екенін сипаттады. Ол Мичуриннің «біз жаратылыстың мейірімін күтіп отыра алмаймыз, оның бере алатынының бәрін алу — біздің міндетіміз» деген қағидасының дұрыстығын іс жүзінде дәлелдеді. Берсеев «жаратылыстың мейірімділігін күтпеді», оған қарсы күресті, егіннен мол өнім алды.
Берсеев жаңалық іздеп, өзінің тәжірибесін, өз колхозының жұмысын зерттеп, оларды қорытып, тарының тұқымын іріктеп, оны ірілетіп, тазартып Ойылдың ақ тарысын жасады, егін шығымын жыл сайын арттыра берді. Академик Лысенко Берсеев туралы былай деген еді: Алдыңғы қатарлы тарышылардың ішінде қазақ колхозшысы марқұм Ш.Берсеев тамаша нәтижеге ие болды. Ол осы кезге дейін дүние жүзіне белгілі, ешбір дәнде егістен алынбаған өнім — гектарынан 1200-1300 пұт астық алды. Сөйтіп,ол теория жөнінен мүмкін болған ең жоғары деген өнімінен де асып түсті».
Берсеев жақсы деген жерді таңдап алып, тереңдігін 22 сантиметр етіп айдап, айдалған жерді ізінше 3 рет тырмалайтын. Жер жыртудың сапасын қатты бақылап, участоктың және гектардың өн бойында жырту тереңдігінің бірдей болуын қамтамасыз ететін.
Берсеевтің ерекше көңіл бөлген мәселес і- тұқымды өсіру мәселесі. Мен тұқымды әзірлеуге үлкен маңыз беремін дейтін ол. Егістің тұқымын, әсіресе тары егісінің тұқымын дұрыс әзірлеу — бұл суармалы егістің әрбір гектарынан қосымша 20 центнерден өнім алу деген сөз. Сондықтан да мен тарының ең жақсы масақтарын, оның ішінде дәні толықтарын таңдап алып, сортқа бөліп іріктеп өсірдім. Ойылдың ақ тарысы ол жергілікті сорт болатын. Онда қосымшалар көп бірнеше тарының «атасы» бар еді. Берсеев жолдастың тарының бұл сортын іріктеп алудың нәтижесінде мүлдем жаңа сорт — Берсеевтің ақ тарысы туды. Шығанақ тұқымды іріктеп алу жолында үзбестен 5 жыл бойы қызмет істеді. Ол звено бастығына тағайындалудан 3 жыл бұрын ауданның колхоздарына сортты тұқым дайындап берді. Ол тұқымды іріктеу жұмысын үнемі жүргізіп отыратын. 1940 жылғы рекордтық өнімін де тұқымын өзі жасап шығарған. Берсеев уақытты және жер жағдайын қатты ескеретін, кей уақытта жерді айдайды, қай уақытта тұқым себеді, тұқымның мөлшері қанша болады бұларды ол қатты есепке алатын. Ол былай дейтін: Жердің қурап кетпеуі үшін оған даярланғаннан кейін тұқымды тез және сапалы егу керек! Бұл Шығанақтың кәдімгі ежелден келе жатқан әдісі еді. Біз әрбір гектарға 18 кг тұқым сіңірдік.
Егістік жерді майдалауға көңіл аударып отыратын Берсеевтің звеношылары егістік жердің тырмасын біркелкі тегіс жүргізетін. Өйткені, олардың айтуынша, егістік жерді майдалау жердің бетін тығыздайды, тұқымға үнемі ылғал жеткізіп тұрады, өсімдік өмірінің алғашқы күндерінде оның қалыпты өсуіне мүмкіндік береді. Суарған кезде майдаланбаған жерге қарағанда майдаланған жерге су бір қалыпты барады.
Егінді егу астық үшін күрестің басталуы ғана. Егіннен мол өнім алу үшін оны бағу, күте білу, суарма егістерді кезінде суару білу қажет. Берсеевтің тәжірибесіне қарағанда суару егісті күтудің ең жауапты жұмыстарының бірі, сондықтан да әрбір участокке, әрбір гектардың барлығына судың бір қалыпты берілуін Берсеевтің өзі қатты бақылап отырған.
«Егісті суару жұмысы бір қалыпты болуы керек, бірде-бір тарының түбі мен шөлдедім демейтін болсын, тарының, егістің сусағанын егінші білуге тиіс!» — дейтін де Шығанақ.
«Егістік жерді сирек суарып, суды көп бергеннен көрі, суды аз-аздан, жиі суарудың жақсы екендігіне көзім жетті, менің тәжірибем осыны ұққызды» деп ол өзінің звено мүшелеріне үнемі айтатын. Егін жиі суарылса өсімдік құлпырып кетеді.
Егісті суару аралықтарын өсімдіктің өсу кезеңдеріне қарай ғана емес, сонымен бірге, оның суды талап етуіне қарай белгілейтін еді. Ең алғашқы суаруды тары 5-6 құлақ болған кезде, екінші суаруды тары бас жарған кезде, үшнші суаруды дәндене бастаған кезде, ал төртінші суаруды пісе бастаған кезде суарады. Берсеев егісті суарудың мезгілін қатаң сақтайтын. Егісті таңертең және кешке қарай суару керек, ал күндіз күн қызған кезде, ыстық уақытта егісті суаруға болмайды. Егісті осылай суарудың нәтижесінде (әрине жақсы тұқыммен егілген егіс) егін басты, дәндері толық болады, тарының бір келтесінде 2 мыңнан 3 мыңға дейін дән болады. Жеке атыздарда, участоктерде өспей, шабандап кенже қалатыны болады. Сондықтан Шығанақ мұндай жерлерді баса суаратын-ды, сусынын мезгіл-мезгіл қандырып отыратын, мейірі қанған өсімдік алғашқыда өсуі шабан болса да, орақ мезгіліне дейін толығып, кемеліне келетін.
«Бұрын дүние жүзінде болмаған мол өнім алуға, біз колхоздың еңбекке адал және ар-намыс пен қарудың арқасында, звено мүшелерінің мол өнім үшін күреске белсене қатысуы арқасында, олардың өз Отанын сүйгендігін іс жүзінде көрсеткендіктің нәтижесінде жеттік. Біз бәрінен бұрын жұмыстың сапасы үшін күрестік. Біздің звеноның адамдары жұмысты стахановша істейтін еді» — депті Шығанақ диқан.
Егіннен мол өнім алған тәжірибелі қарт Москваға Ленин атындағы бүкіл ауылшарашылық ғылым академиясына барып, онда академик Лысенкомен кездесіп, егін шығымдылығын арттырудың, егіннен мол өнім алудың шегі бола ма деген тақырыптарда әнгімелеседі. Өзінің тәжірибелері мен қолданған әдістерін академикке айта келіп Шығанақ, «Егер менің өмірім жетсе, алдағы жылы өзімнің туған жерім «Құрман» колхозының даңқын мұнан былай да жоғары көтеруге күш саламын»-деген болатын.
Айжан АЛМАНИЯЗОВА,
зейнеткер ұстаз.



