Басты тақырып
Ауыл әйелдерінің форумы мерекенің бір мерейі
8 наурыз күні Саралжын ауылында халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Армысың ару, нұр көктем» атты ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумға округтегі барлық елді мекендегі әйел аналар шақырылды. Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінде өткен форумның мақсаты — ауыл әйелдерінің істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысын жақсартуға, белсенділігін арттыруға бағытталды.
Алдымен саралжындық нәзік жандылардың қолынан шыққан жеңіл өнеркәсіптің түрлерінен көрме болды. Онда шебер әйелдер өз қолынан шыққан неше түрлі киімдер, бұйымдар және тәтті тағамдарын көптің назарына қойды. Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген округ әкімі Абат Мүбараков барша аналарды қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтады. Аудан орталығынан ақпараттық топты бастап барған білім бөлімінің басшысы Ербол Тілепов те мерекелік лебізін айтты. Ауылдың жастары тік тұрып қызмет көрсетті.
Мерекелік жиында қолдары ұсынықты шебер кәсіпкер әйелдер киімнің, тамақтың қалай дайындалатынын көрсетіп, шеберлік сағаттарын жүргізді. Ауылдың дамуына осындай белсенділіктерімен үлес қосып жүргендерді округ әкімі алғыс хаттармен марапаттады. Ал, өздерінің мерекесінде осында үлкен құрметке бөленген жандар осындай керемет кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.