Басты тақырып

Айт нағыз мереке

Құрбан айт мерекесін ойылдықтар жылдағы дәстүр бойынша аудандық орталық мешітінде Айт намазынан бастады. Мешіт имамы Нұрсұлтан Серікұлы жиылған жамағатқа Құрбан айт мерекесінің маңызын, күллі мұсылман бауырлар үшін қадір-қасиеттерін айтты.

Сонымен қатар айт намазын қай кезде оқылуын, шарттарын, құрбандыққа қандай малдар шалынатынын жеткізді. Айт мерекесіне көппен бірге қатысқан аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы еліміздің тыныштығы мен әрбір тұрғынға, әрбір отбасыға береке тіледі. Одан кейін көпшілік арнайы мал сою бекетінде құрбандық шалды. Құрбан айттың алғашқы күнінде аудан орталығы мен ауданға қарасты ауылдық округтерде 2 ірі қара, 47 қой сойылып, 126 көмекке мұқтаж адамдарға таратылды. Сонымен бірге орталық мешіттің алдында спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қол күрес, гір тасын көтеру жарыстарына күші мығым, білекті жастар қатысты. Гір тасын көтеруден Нұрасхан Сәрсенғалиевқа тең келер ешкім болмады. Ал, қол күресінен Әділет Қалниязов қарсылас шыдатпады. Айтулы мерекедегі тартысты доданың бірі арқан тартыс болды. Бес команда қатысқан сайыста қайратты да, қажырлы, бойынан қуаты қаша қоймаған ауыл ағалары бірінші орынды жеңіп алды.

P.S. Айта кетсек, аудандық мешіт жанынында құрылған киіз үйде ауыл ақсақалдарына арналған мерекелік дастархан жайылды. Мерекелік дастархан басында ыстық лебіздерін ақтарған ауыл үлкендері, мешіт жанынындағы жақында ғана жөндеу жұмыстары бітіп, жаңартылып жасалған тахаратхананы арнайы аралады. Аудандық мешіт имамы Нұрсұлтан Серікұлына ризашылықтарын білдіріп, елдің ауызбірлікте, тыныштықта болуы үшін жамағатпен бірлесіп, Алла жолында қалтқысыз қызмет ете беруіне шынайы лебіздерін жеткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар