ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕҢЕСТЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕ КӨП

Кеше Ойыл селосындағы «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының ұйытқы болуымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудан прокуроры Ақеділ Үсеновтің кәсіпкерлермен кездесуі өтті.

Кездесу жиында алдымен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов пен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараковтар аудан көлемінде кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов өткен жылғы кездесуде кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды жеткізді.
Әрине, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Оның игілігін көріп, шаруасын дөңгелеткен кәсіп иелері де көп. Дегенмен, қолбайлау болып отырған мәселелер де бар. Оның ең бастысы – аудандағы инфрақұрылымның әлсіздігі. Әуе қатынасы жоқ, болған күнде де оның қызметін тұтынуға негізінен ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуеті көтермейтіні рас. Теміржолдан жырақ жатқан ауданның күре тамыры – автокөлік жолы.
Жауапсыз мердігердің салдарынан бірі сапасыз салынған, екіншісі ұзаққа созылып кеткен жол құрылысы ауылдың тынысын да, адымын да аштырмай отыр. Бұл аудан кәсіпкерлерінің ортақ мәселесі…
Былтыр ауданда кәсіпкерлікке тың серпін берген жыл болды. Оған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тигізген септігі көп. Бұл бірнеше бизнес идеяларға жол шақты. Биыл бұл бағдарлама арқылы мал басын көбейтіп, бордақылауға болады. Ал, жақсы. Малдың басы көбейді. Өнімін қайда өткіземіз? Бұл бүгінгі кәсіпкерлерді мазалап отырған мәселе. Жүн мен теріні тұрмыстық қалдыққа тастадық. Еттің бағасы кешегі жиында кәсіпкерлер көтерген мәселенің өзегіне айналды.
Мал бордақылаушылар мен ет комбинаттары ұсынып отырған баға кәсіпкерлердің көңілін көншітпейді. Не істемек керек? Кәсіпкерлер ұсынған жол — ауданда мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар керек!
Бұл мәселені қалай шешеміз? «Ауыл аманатының» аясы тар.
Сондықтан, өндірістік кооператив ашу керек! Оған екінің бірінің тәуекелі жетпей отыр.
Ал, шаруалар көтерген екінші бір басты мәселе – шаруашылықтардың өндіріс орнына электр қуатын тарту. Өткен жылдары біздің ауданның бірнеше шаруашылығына инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы арқылы электр желілері тартылды. Бұл бағдарламаға биыл да сұраныс көп. Кездесуде кәсіпкерлер көтерген кейбір мәселелерге орай аудан әкімі мен аудан прокуроры және сала басшылары жауап берді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар