Әкімдік

Мемлекеттік қызметтің сапасы міндеттің мерейі

 

 

 

Бүгін Ойыл ауданына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев келіп, аудандағы мемлекеттік қызмет көрсету барысымен танысып, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Сапарының соңында аудан активімен кездесті. Кездесу барысында алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев биылғы жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік қызметкерлер туралы жан-жақты мәлімет берді.
Яғни, бүгінгі күні Ойыл ауданы бойынша жалпы штат бойынша 115 орын болғанымен, 104 әкімшілік мемлекеттік қызметші бар. Демек, 11 орын бос тұр. Ал, аудандағы 104 әкімшілік қызметшінің 42-і әйел немесе 40,4% құрап отыр. Ал, барлық әкімшілік қызметшілердің орташа жасы-39 жас болса, олардың 30-ы әлі 30-ға толмаған жастар.
Аудандағы мемлекеттік қызметшілердің 91 (87,5%) жоғары білімді, 13 (12,5%) арнаулы орта білімді, орташа қызмет өтілі 10,2 жыл, атқарып отырған лауазымындағы орташа өтілі 3 жылды құрайды.
2019 жылы таза ауысымдылық бойынша 2 қызметші өз өтініші негізінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылса, былтырғы жылдың 10 айында өз өтініші бойынша 4 мемлекеттік қызметші лауазымдарынан кеткен болатын.
2019 жылы 7 қызметші қайта даярлау курсына жоспарланып, барлығы да қайта даярлау курсынан өтіп келді. 28 қызметші біліктілігін арттыру курсына жоспарланып, оның 25-і біліктілігін арттыру курстарымен қамтылыпты.
2019 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 26 конкурс өткізілді. Оның ішінде мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс бойынша 13 конкурс, барлық мемлекеттік орган қызметшілері арасында ішкі конкурс бойынша 2 конкурс, 11 жалпы конкурс өткізілді. Нәтижесінде 7 мемлекеттік қызметші конкурстық комиссиясының қорытындысы бойынша меритократия қағидасы бойынша жоғары лауазымға ұсынылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 88 мемлекеттік қызметшінің жұмысына бағалау жүргізіліп, комиссияның шешіміне сәйкес 16 адам – жақсы, 67 адам – тиімді, 5 адам – қанағаттанарлық нәтиже алды.
2019 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін Ойыл ауданы бойынша 31 мемлекеттік қызметшіге 27 ескерту, 1 сөгіс, 2-іне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы шаралар қолданылды.
Ойыл ауданы бойынша «Е-қызмет» персоналды басқарудың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы күнделікті кадрлық іс-құжаттары автоматты-онлайн арқылы уақтылы енгізілуде.
«Е-қызмет» жүйесінде жұмыс істеу персоналды басқару қызметінің жұмысының өнімділігін арттыру мақсатында жеке деректер, ұйымдастыру бойынша мәліметтер (кадрлық есепке алу), кәсіби және жеке бас құзіреті жайлы мәліметтер, білімі, біліктілігі, кәсіби тәжірибесі, марапаттау және тәртіптік жаза туралы мәліметтері жүйелі түрде енгізілуде.
Аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелер «Е-қызмет» жүйесімен жұмыс жасауда, яғни өз жұмыс орындарында құжаттарды тіркеп отыр. Алайда ауданның 7 ауылдық округінің тек 2 –уі ғана «Е-қызмет» жүйесін пайдалануда, олар «Ойыл ауылдық округі әкімінің аппараты», «Саралжын ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемелері. Ал қалған Көптоғай, Қайыңды, Қараой, Сарбие, Ш.Берсиев ауылдық округтері ғаламтор байланысы көтермегендіктен қол жеткізе алмай отыр.
Ал, кездесу барысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мейрамкүл Бибітова аудандағы көрсетілген мемлекеттік қызметтерге сараптама жасап, жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтті. Сонымен қатар, қағазбастылықтан арылуға ұмтылу керектігін баса айтып, тәртіптік жазаны қолдану тәртібін түсіндірді.

Басқа жаңалықтар