Спорт
Жүлдесі қомақты жарыс әкеге құрметтің куәсі
25 қазан күні Ойыл аудандық Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2007-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы, ауданымыздың тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Бегалы Еркіновты еске алуға арналған дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы ашық турнир өткізілді. Жарыстың мақсаты - аудан көлемінде дзюдо күресін дамыту, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық шеберлігін шыңдау.
Салтанатты шараның ашылуына Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев және бүгінгі жарыстың өтуіне себепкер болған жеке кәсіпкер Бегалы ақсақалдың ұлы Қайрат қатысты. Аудан әкімі жарыстың ашылу салтанатында палуандарға сәттілік тілеп, осындай үлкен шараға ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты. Алғаш рет ұйымдастырылғанымен, жарысқа көршілес аудандардан жас балуандар келді.
Ойыл ауданының намысын арқалап жүрген спортшыларымыз бұл жолыда тай салмай, белдерін бекем буып, жауырындарын жерге тигізбей 1 орынды өз қанжығаларына байлады. Атап айтсақ Абылайхан Мерекеұлы 30 кг, Бейбіт Қажмұқанқызы 30 кг, Бекзат Шерниязов 36 кг, Асланбек Жеңісұлы 38 кг, Ержан Аманғосов 30 кг салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Ойылдықтардың жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске жетулеріне бірден-бір себепкер болған жаттықтырушылары Азат Шерниязовтың еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Алғашқы жарыстың жүлде қоры да қомақты болды. Яғни, әр салмақта бас жүлде алған палуан 100 000 теңгеге ие болса, екінші орынға 60 000 теңге, 3 орынға 40 000 теңге ақшалай сыйлықтар берілді. Жарыстың соңында жеке кәсіпкер Еркінов Қайрат жарысқа қатысқан палуандарға алғысын білдіріп, рақметін жеткізді. Ары қарай жеңімпаздарымызды марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасының «Самбо», «Дзюдо», «Қазақ күресінен» спорт шебері Мұхамбетов Бекзатқа табыс етілді.
Жарыстан соң, балалары әке аруағына арнап ас берді.