«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ОЙЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ 11 БІРМАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТТАР ҰСЫНДЫ
2026 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлау Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 қазандағы қаулысымен ресми түрде тағайындалды.

Алдағы сайлау науқанына дайындық аясында 2026 жылғы 21 қазанда «Әділет» партиясы Ойыл аудандық филиалының кезектен тыс ІІІ конференциясы өтті. Конференция жұмысын партия филиалының төрағасы Еркін Жиеналин жүргізді. Конференцияға қатысқан 25 делегат сайлау науқанына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.
Конференцияның күн тәртібінде Ақтөбе облысы бойынша «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасына ұсыныстар мен сайлаушылардың аманаттарын жинақтау мәселесі де қаралды. Бұл бағыттағы жұмыс тұрғындардың талап-тілектерін, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын және жергілікті деңгейде шешімін күтетін өзекті мәселелерді зерделеуге бағытталған. Сайлаушылардың пікірін ескеру сайлауалды бағдарламаның мазмұнын толықтыруға және қоғамды толғандыратын мәселелерді назарға алуға мүмкіндік береді.
Партия филиалының бас жиынында қаралған негізгі шешімдерінің бірі – Ойыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну болды. Делегаттардың бірауыздан қолдауымен 2026 жылғы 29 қарашада өтетін мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына Ойыл ауданындағы 11 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидаттар ұсынылды. Қабылданған қаулыға сәйкес, кандидаттарды ұсыну туралы құжаттар тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына жолданады.
Сонымен қатар партияның Ақтөбе өңірлік филиалының кезектен тыс конференциясына қатысатын делегаттар сайланды. Конференция қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті қаулылар қабылданды.
«Әділет» партиясының Ойыл аудандық филиалы алдағы сайлау науқаны аясында ұйымдастырушылық жұмыстарын жалғастырып, сайлаушылардың ұсыныстары мен аманаттарын жинақтауға және өңірдің өзекті мәселелерін сайлауалды бағдарламада қамтуға басымдық береді.





