Білім

«Парасаттылық мектебі» — маңызды жобаның жалғасы

Тәуелсіздік алған күннен бастап мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жоюдың жоспарлы саясатын жүргізіп келе жатыр. Соңғы жылдары тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою үшін мемлекеттік қызметтердің дені электронды форматта жүргізілуде.  Сыбайлас жемқорлықты жою — Президенттің негізгі тапсырмаларының бірі. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты елімізде көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Сондай жобалардың бірі «Ақтөбе-адалдық алаңы». Бұл жобаның мақсаты — тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты түбегейлі тамырымен жою. Дәл осындай іс-шара біздің ауданымызда да жүргізіліп жатыр. Солардың бірі — жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру. Сондықтан, жаңа формадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау мақсатында Ойыл селосындағы Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінде «Парасаттылық мектебі» ашылды.  Бұл жоба «Ақтөбе адалдық алаңы», «Адал ұрпақ» жобалары аясында іске асуда. Парасаттылық — адам бойындағы кісілік қасиет. Дәстүрлі қазақ қоғамында парасатты адам бойында кездесетін асыл қасиеттердің біріне айналып, адамгершілік пен өнегелік тұрғысынан жоғары бағаланады. «Парасаттылық мектебі» құрамына Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінен еріктілер тобы құрылып, оқушыларға арнайы парасаттылық мектебінің куәлігі табыс етілді. Бұл топтың құрамына кірген оқушылар өте белсенді, жан-жақты. Аталмыш шараға мектеп директоры Маржан Жонысова, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бала құқығы жөніндегі бас маманы Айзат Дайынова, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің қамқорлық кеңесінің жетекшісі Болат Бекетаев, ардагер ұстаз Майраш Ибрашева, аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Доскей Нұрғазин қатысты. Шара барысында мектеп директоры Маржан Жонысова «Парасаттылық мектебінің» құрамына кірген оқушыларды құттықтап, оларды алдағы уақытта барынша адал, еңбекқор болуға шақырды. Осы шара барысында «Парасаттылық мектебіне жетекшілік етіп, оқушылармен бірлесе жұмыс жасайтын жетекшілер тағайындалды. Олар — Айнаш Дінжанова, Әбділда Сағынов. Осы мақсатта жұмыс жасауға арнайы мектеп ішінен бөлек кабинет ашылды. Ол оқушылардың жетекшілермен бірлесіп жұмыс жасауына ыңғайлы. Ары қарай мектеп оқушылары осы шара аясында түрлі пікірталастар жүргізіп, өз ойларын ортаға салды.

Әсел СИСЕНОВА,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар