Әлеумет
Кең сарайдай «керуен сарай»
Кеше былтыр ғана іргесі қаланған «Керуен сарай» сауда үйі өз тұтынушыларына есігін айқара ашты. Бұл жаңа жылдағы ашылған алғашқы нысан.
Дархан Айдаров кәсіпкерлікпен көптен айналысып жүрсе де, Ойылда екі-үш жылдан бері ғана өз дүкендерінің желісін ашқан еді. Ол тек саудамен шектелмей, өткен жылы сайдағы алма бағының жанынан жер алып, бау-бақша егуді қолға алып, тым-тәуір өнім жинады. Жаздай жерлестеріне таза, табиғи өнім ұсынды. Сауда үйінің де құрылысын қатар жүргізген жігіт міне, кеше кең сарайдай «Керуен сарайын» іске қосты. Сауда үйінің ашылуында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов пен Ойыл селосының әкімі Сәндібек Дәулетқалиев жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, ізгі лебіздерін білдірсе, Дарханның әкесі Қондыбай ағай «жақсыны көрмекке» келген көпшілікті көптен күткен қуаныштарымен құттықтады. Дархан өзі болса, кеше бір күн бойы барлық саудаға 30 пайыз жеңілдік берілетінін жеткізді. Игі тілекпен келген ағайындары шашуларын шашса, жұртшылық ақ дәмнен ауыз тиді.