Көкек айы кіргенімен ойылдықтар Наурыз мерекесін әлі де тойлап келеді. Сәуірдің алғашқы аптасының шуақты сенбісінде көше тұрғындарының кезекті Наурыз тойын Ү.Дүсіпов, Н.Оноприенко, И.Қарағұлов көшелері жалғады. Селоның кіре берісінде орналасқан «Керуен жолы» монументі жанындағы Наурыз тойға аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Жігерлі жас» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Ағаш үй тігілген алаңдағы той думанның шымылдығы жиылған жұртшылықтың қызу қимыл қозғалыстағы қара жорға биімен түрілді. Мәдени көпшілік шара одан әрі көше өнерпаздары ұсынған мерекелік ән-думанға ұласты. Беташар рәсімі жасалып, нағыз қазақылық болмысызды бейнелеген сахналық қойылымдар қойылды. Ауыл үлкендері ағаш үй ішіне жайғасып ұлттық тағамдардан дәм татса, сыртта наурыз көже тегін таратылды. Наурыз тойды ұлттық ойындардан өткен тартысты бәсекелер қыздыра түсті. Толығырақ тарқатсақ, арқан тартыстан қарсылас шыдатпаған Сегізсай командасы жеңімпаз атанса, қол күрестен білекті де, жүректі, батыр тұрпатты жігіттердің арасынан Дәурен Қалниязов дара шықты. Гір тасы мен қошқар көтеруден алпамсадай азаматтардың арасында К.Амандаулетұлы мен Еркебұлан Сисеновке тең келер ешкім табылмады. Ұлттық мерекеміздегі ұлттық ойындарға асыл әжелер де атсалысты. Әжелер арасындағы жаяу жарыстан Нұржамал Жұмағазина мәре сызығын бірінші болып басты. Ұлттық ойындарға үлес қосқан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік думан соңында ата-салтымыз бойынша жиылған көпшілікке Амангелді Жұманов ақ батасын берсе, 14 наурыз күні дүниеге келген Дүсіпов көшесінің тұрғыны Гүлфар Алпысбаева анамыз жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен бірге көпшіліктің қақ ортасынан орын алған Тұрсын Шоқпарованың ұлттық нақыштағы қол өнер бұйымдар көрмесі алыстан көз тартты. Алпысты алқымдаған Тұрсын апа көрмеге қолынан шыққан ұлттық киімдерді арнайы шығарыпты. Өйткені бүгінгі шараның басты мақсаты ұлттық құндылығымызды ұлықтау екенін естіп, етек, жеңі қазақы оюлармен көмкерілген киім-кешектерін көпшілік назарына тарту етіп отыр.
Сол күні аудандық педагогикалық-психологиялық түзетім кабинетінің ауласы да нағыз думанды мерекенің ордасына айналды. Ауланың бір жағына құрылған алтыбақан таңертеңнен түске дейін бір босаған жоқ. Бұл жердегі Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Қ.Сәтбаев және Құрманғазы көшелері тұрғындарының Наурыз мерекесінің ұйытқысы – Ойыл балалар музыка мектебі мен «Асанәлі» балабақшасы. Ұлттық мерекеге орай өз еншілеріне тиген күнді көңілді өткізуге көше тұрғындары да ерекше атсалысты. Мекеме ауласындағы балалардың шатырлы демалыс алаңына стол құрылып, жиналғандарға шәй мен көже ұсынылса, сол сәтте қазанда пісірілген ыссы бауырсақ ықыласпен ұштасты. Шуақты күнгі мерекеге жан-жақтан ағылған балалар асық атып, мергендіктерін сынаса, ағалары арқан тартып, қол күрестіріп, күш-қайраттарын көрсетті. Ал, шағын сахнадан әуелеген ән мен күй ұлттық өнерді ұлықтап, ұрпаққа мирас етер көріністермен көмкерілді.
М.ҚҰБАЕВ.