Әлеумет

Талғаттың тартуы бұл жолы 30 отбасына арналды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында жерлесіміз, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, «АНВАР» ЖШС-нің директоры, меценат Талғат Салфиков өзінің туған жері Ойыл өңіріне тағы бір мерекелік сәлемдемесін жолдады.
Ойыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқының әл- аухатының артуына, сондай-ақ Ойылдың гүлденуіне ұдайы қамқор болып жүрген жомарт жан бұл жолы тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 отбасына, әрқайсысы 30 мың теңгенің азық- түлік жиынтығын жіберді.
Талғат Маратұлының мерекелік сыяпатын қабылдап алған «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы арнайы комиссия құрып, аудан көлемінде аз қамтылған, көп балалы отбасылары мен ерекше күтімді қажет ететін жандардың тізімін түзді.
«Барлығын бір мезетте қамту мүмкін емес. Бұған дейін де наурыз айында қамқор азаматтың 100 отбасына берген қайырымдылық көмегін үлестіріп берген болатынбыз. Бұл жолы да аудан аумағында жеті ауылдық округтің осы санаттағы отбасыларына ардақты жанның аманатын тапсырдық» — дейді «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин.
Елінің тірегі, халқының қалаулысы, туған жерінің тілектесі болып жүрген қайырымның иесі Талғат Маратұлына ел-жұртының айтар алғысы ұшан-теңіз! Өйткені, Атымтай азаматтың ауданның білім, медицина салаларына жасаған қамқорлығын айтпағанда, жерлестері үшін салып берген саябағынан қысы-жазы балалардың бал күлкісі арылмаса, музыка мектебінен ескен әуен Ойылдың аспанында қалықтап тұр!

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар