ӘкімдікБасты тақырып

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды!

ӨТКЕН СЕНБІ КҮНІ «ШҰҒЫЛА» МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА АУДАН ӘКІМІ АСҚАР ҚАЗЫБАЕВ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ. АУДАН БАСШЫСЫНЫҢ 2021 ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖӘНЕ 2022 ЖЫЛҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ЖОБАЛАР БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫНА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БҰЛБҰЛ ЕЛЕУСІНОВА, «ПАРАСАТ-ҒАЛЫМ» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ КӨШКІНБАЙ АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ БАҚЫТЖАН ЖАНШАЕВА АРНАЙЫ ҚАТЫСТЫ. СОНДАЙ-АҚ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ МЕН МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ, АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ БОЛДЫ.

Еске салсақ, өткен жылғы есеп беру кездесулерде аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді ұялы байланыспен қамту, типтік үлгідегі спорт алаңдарын салу және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту сынды мәселелер көтерілген еді. Айтылған сөз, қордаланған мәселелер аяқсыз қалмады. Іс жүзінде жүзеге асты. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-тілектер лек-легімен шешімін тауып, қозғалған мәселелер аудан деңгейіндегі іс-шаралар жоспарына енгізіліп, толық орындалған. Оның ішінде 7 елді мекеннің кіре беріс автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, Ойыл ауылдық округінің Қаракемер, Ақшатау елді мекендері ұялы байланыспен қамтамасыз етіліп, 3 елді мекенде типтік үлгідегі жасанды-жамылғылы спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Аудан әкімінің жасаған баяндамасына сәйкес өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Әсіресе, ауылішілік жолдардың асфальтталуы көңіл қуантады. Өйткені аудан орталығындағы көшелер ғана емес, шалғай ауылдық округтердің де көшелеріне асфальт төселді. Бұл ауыл адамдарының мемлекеттің қолдауынан тысқары қалмайтындығының куәсі.
Әрі қарай аудан әкімінің есебінде айтылғандай бюджет саласына тоқталсақ, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 105,6%, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 174,2% өскен.
Аудан экономикасының нақты секторында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бюджеттік қаржылардың толық игерілуі қамтамасыз етіліп, Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру аудан экономикасының ілгері дамуына оң септігін тигізді. Аудан экономикасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы саласында 4 түлік мал саны артып, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен мал басын өсіру мен мал тұқымын асылдандыру жөніндегі тапсырмалар толық орындалып, мал басы артып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында өткен жылы Саралжын ауылдық округінде «Ербазы» ШҚ 70 бас сауын сиырмен тауарлы сүт фермасын ашып, Ойыл ауылдық округінде «Тұлпар» ШҚ-ы 17 бас аналық жылқымен қымыз өндірді. Бұл ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың жарқын көрінісі. Әр салада жасалған жұмыстарға кеңірек тоқталған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы кезекті есеп беру жиынында аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ алдағы міндеттерін де мәлім етті.
Жиын үстінде тұрғындар тарапынан және де тікелей көрсетілім кезінде түскен сауалдарға кезек берсек: Қараой ауылының тұрғыны Амангелді Темірмұқанов ауылға балалар ойын алаңын салуға және ауылдың жолын салу жұмыстарын жеделдетсе деген ұсынысын жеткізсе, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу елді-мекенінің тұрғыны Базарбай Асылбаев ауыл жастарына арнап шағын спорт алаңын салуды қолға алып, ауыз су мәселесін шешіп берулерін сұрады. Келесі кезекте, Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ойыл селосының тұрғыны Берік Бисекенов көптің көкейінде жүрген, елдің ортақ проблемасына айналған Ойыл өзенінің жайын жеткізіп, арнасынан ортайған өзенді қалпына келтіру жұмыстарына баса мән беруге үндеп, канадалық әдіспен салынып жатқан Көптоғайдың жолының сапасыздығын мәселе қылып қозғады. Әлеуметтік желіден аудан мен округ арасындағы қысқы қатынастың қиындығы, округ орталықтарына «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы жас мамандардың үй алуы үшін жаңадан тұрғын үйлер салынса, сондай-ақ 2017 жылы салынған коммуналдық үйлердің құрылысы сын көтермей тұрғандығын айтып, жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс-тілектер келіп түсті. Аудан басшысы айтылған ұсыныс тілектер ескерусіз қалмайтындығын жеткізіп, барлық сауалдарға толыққанды жауап берді.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы мінбеге шығып, өңірде атқарылып жатқан игі істерге қысқаша тоқталып өтті. «Біздің алдымызда тұрған міндет халықтың әл-ауқатын арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасау. Қолжетімді ортаны қалыптастыру. Ауылдық елді мекендерді дамытуға кешенді түрде қарауымыз керек. Ойыл ауданы бойынша көптеген жобалық сметалық құжаттары дайын. Оның басым бөлігі республикалық бюджеттен қолдау тауып отыр. Жаңа жиын үстінде қозғалған Ойыл өзенінің тартылуына байланысты қалпына келтіру мәселе осы жерде ғана қозғалып отырған жоқ. Республика бойынша кешенді жоспар бар. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілу үстінде», — деді.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар