Білім

«Туған өлке тарихы – ұрпаққа тағылым»

Ойыл аудандық орталық кітапханасының «Коворкинг» орталығында өлкемізді дәріптеу мақсатында Ауданымыздың оқушылары арасында «Өлке көзбасшысы» атты библио – лото өткізілді.

«Атқанда бозторғайдың шырылымен,
Таңына асық болған құлының ем.
Батқанда қызыл арай Көкжар түні,
Айына ғашық болған бір ұлың ем.
Ер жүрек Ботагөздей батырың бар,
Жыр тұлға Шернияздай ақының бар.
Жәрменкеңнің даңқы үшін саудагерлер,
Алты ай жүріп көш керуенмен қатынаған», — деп жерлесіміз Самат Нарегеев жырлағандай, Көкжар жәрменкесі тек сауданың ғана емес, өнердің де қызған жері болғанына тарих куә.
Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесінің туған жерін мақтан тұтуы тиіс деп ойлаймын. Осындай өлкемізді дәріптеу мақсатында аудан оқушылары арасында «Өлке көшбасшысы» атты библио-лото өткізілді. Шараға аудан орталығындағы мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты. Библио-лото ойыны 4 кезеңнен тұрды. Командаларға өлкеміздің тарихына, елді мекендеріне, өлкемізден шыққан ақын – жазушыларымыздың шығармаларымен өлеңдеріне қатысты сұрақтар берілді. Қазылардың шешімімен Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің оқушыларынан құралған команда бірінші орынға ие болса, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясы мен Ойыл қазақ орта мектебінің оқушыларынан құралған командалар жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Кеш соңында «Ойыл – тарих пен тағылым мекені» атты кітап көрмесі жасақталып, аға кітапханашысы Гүлнара Сағатова библиографиялық шолу жасады. Сонымен қатар, Мәдениет үйінің әншісі Жаңылдық Бисенғалиеваның орындауында жерлесіміз ақын, сазгер Жолдыбай Айтқұловтың сөзіне жазылған «Ойылым менің — Ойдағым елім» атты әні шырқалды.
Әр адамның туып – өскен жері жанына жақын, көзіне ыстық көрінер кішкентай Отаны болары аян. Ал, сол Отан біз үшін Ойыл өңірі. Қандай мамандықтың иесі болсандар да, қай жерде жүрсендер де қасиетті туған жерді қадірлеп өтіңіздер. Әрдайым жақсылықтың жаршысы іспетті игі істердің бастамасын қолға алып жүретін кітапхана ұжымы оқырмандарына арнап осындай танымдық, тәрбиелік бағыттағы кештерді жиі ұйымдастырып тұрады.

Ару Телеу,
Ойыл аудандық орталық кітапханасының жасөспірімдер әдіскері.

Басқа жаңалықтар