ӘкімдікБасты тақырып

Кәсіподақтың кезекті сыйы аналарға арналды

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», - дейді халық даналығы. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Осы орайда «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ойыл аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев білім саласында қызмет атқарып жүрген әйелдер қауымын мерейлі мерекемен құттықтап, «Сіздер — бүгінгідей ыстық ықылас пен ізгі ілтипатқа мереке кезінде ғана емес, әрқашанда ие болуға лайықтысыздар. Алдағы уақытта да қоғамыздағы тұрақтылық пен ынтымақтың кепілі, жасампаз істердің дем берушісі болып қала беретіңіздерге сенемін», — деген ақ жарма тілегін арнады. Әрі қарай әсем әнмен әрленген шара барысында бірқатар кәсіподақ белсенділеріне білім беру саласында көп жылғы нәтижелі еңбектері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен және емдеу-сауықтыру орындарына жолдама берілді. Тоқталып өтсек, Қаракөл бастауыш мектебінің меңгерушісі Ақсұлу Бюрина, «Балдырған» бөбекжай-бақшасы шаруашылық меңгерушісі Нұрсұлу Раушанова, Ойыл қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Клара Исмағұлова, «Жолшы» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Заура Тәттіғалиева, Сапақкөл орта мектебінің бастауыш мұғалімі Жұмагүл Балапашева, Ш.Берсиев орта мектебі интернатының күзетшісі Марал Әлиханова, Ж.Жүсібалиев атындағы орта мектебінің үйірме жетекшісі Алма Ахметова, Тайсойған негізгі мектебінің психологі Айнагүл Шотықова, Қаракемер мектеп-балабақшасының кітапханашысы Гүлнар Сағиданова аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен Екпетал мектеп-балабақшасының кітапханашысы Ақерке Қитанова, Қараой мектеп-балабақшасының тарих пәні мұғалімі Гаухар Жұмағазиева, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш мұғалімі Татьяна Луцева, Құбасай бастауыш мектебінің күзетшісі Сандуғаш Егізбаева, Ойыл ауданының білім бөлімінің әдіскері Әлия Атшыбаевалар марапатталды.
Еркін форматта өткен шарада емен-жарқын әңгіме құрылып, аудан өнерпаздары мерекелік дастархан басын әсем әнмен әрледі.

Г.АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар