ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСпорт

АУЫЛДАҒЫ ТОЙ – АҒАЙЫННЫҢ БІРЛІГІ

Наурыз – Табиғат-ананың құшағындағы тұтас тіршілік қайта түлейтін, бүкіл өкпе-реніш сейіліп, көктеммен бірге дүние тегіс жаңаратын жарқын шақ. Сондықтан бұл күнді сән-салтанатпен атап өту бабаларымыздан жалғасқан асыл мұра іспетті. Алайда, биылғы қардың ерте кетуі мен асау Ойылдың арнасынан асуы ақшатаулықтардың жоспарын амалсыз кейін шегеруге мәжбүрледі.

Әуелден ынтымақ пен бірлікті ту етіп келе жатқан ақшатаулықтар бұл жолы жер аяғы кеңігесін мамырдың мамыражай күндерін мерекелермен ұштастырды.
Ұлттық ойындар ұлықталып, арқан тарту, күрес, сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Ат бәйгесі делебесі қозатын ауыл тұрғындарын ерекше шабыттандырды. Ақсақалдар жас өрендерге ақ батасын беріп, жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Ат бәйгесі дегенде алты шақырымдық тай жарысында Бұланның «Пырағы» қара үзіп келсе, Мұхит пен Есенгелдінің тайлары да мәреге басқалардан бұрын келді. Қазақ күресінен бас жүлдені белдескеннің бәрін жыққан Азат Шерниязов алса, Сағындық Аққұсов пен Жанарбек Табынбаевтарға қалған екі жүлде бұйырды. Қол күресте Алексей Құсайыновқа күші жетер жігіт табылмаса, жаяу жарыста Ақылбек Құрымбаевқа ешкім ілесе алмады.
Ақшатау — қарабайыр десем қадірін кетіргендей болармын, қарапайым ғана қоңыр тірлік кешіп, сүттей аппақ көңілі мен айрандай ұйыған берекесі өзіне тартып тұратын ауыл. Расында да, дәл осы мерекеде ақеділ ағайынның ынтымақ пен бірлігін, тату тірлігін көріп төбеміз көкке жеткендей әсерге бөлендік. Оның бір себебі, аядай ауылдан арман қуып қалаға аттанған ауылдың жастары да, жасамысы да мерекеде туған жеріне келіп, қуанышты жұртшылықпен бөлісті.
Мерекелік шаралардан соң киіз үйде ас берілді. Ақсақалдар ақ тілегін жолдаса, Төлеу Сапаров азаматтарды өз күштерімен бастаған ауыл клубының құрылысын аяқтауға шақырды. Бәрінің де бір тілегі сол – ауыл клубының шырағы қайта жанса… Азаматтар аман болса, жақсы үміттің де орындаларына сенім мол.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Ақшатау – Ойыл.

Басқа жаңалықтар