Әкімдік
Ауқымды жұмыстар биыл да өз жалғасын табады
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Асқар Қазыбаев Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мен аудан әкімі аппаратының басшысы Ербол Тілепов және бірқатар мекеме басшылары бастаған топ алдымен Қайыңды округіне қарасты Көсембай ауылында болды. Мұнда ең алдымен аудан басшысы ауыларалық жолдар мен газ құбырын тарту сияқты ауқымды жұмыстар биыл да үлкен көлемде атқарылғалы отырғандығын мәлім етті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарынан үйлердің сыртқы қасбетін әктеу, сырлау жұмыстарына баса мән беріп, тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырып, жайылымдарды тиімді пайдалануды ұйымдастыру керектігін баса айтты.
Кездесуге қатысқан бірқатар ауыл тұрғындары жеке сауалдарын қойса, енді бірі ауылға қатысты қордаланып қалған түйткілді мәселелерді көтерді. Тарқатып айтсақ, ауыл тұрғындары атынан алғашқы болып сөз алған Бақытжан Сатыбалдин шаруа қожалықтары ауылға тым жақын орналасқан деп санайды. Соның салдарынан жеке тұрғындардың малының өрісін шаруашылықтардың жылқысы тапап жатқандығын айтып, жер көлемін ұлғайтып беруге ұсыныс білдірді. Жерге қатысты сауалдарға жергілік билік өкілдері тарапынан алдағы уақытта зерттеліп, зерделеніп, заңды тұрғыда шешімін табатындығы айтылды.
Кездесу түстен кейін округ орталығында жалғасты. Мұнда Дархан Өтегенов ауылға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді, алдымен электр қуатының ауылдың кейбір бөлігінде төмендігі туралы сөз қозғады. Қысқы отынның сапасына мән беріп, ауылға балалар ойын алаңы салынса деген ұсыныс-тілегін айтты. Одан кейін қозғаған басты мәселелері көгілдір отын мен ұялы байланыс. Сондай-ақ, бұралқы иттердің қаптап кеткеніне де назар аударуды сұрайды. Оған жауап берген Ақтөбе облысы ветеринариялық басқармасы Ойыл аудандық филиалы бас маманы Арсланбек Алдияров бұралқы иттерді ұстау-бағу, аулау тәртіптерін түсіндірді. Ал көгілдір отын көп қаражатты қажет ететіндіктен, сондай-ақ елді мекендерді көгілдір отынмен қамту мәселесі кезең-кезең бойынша сарапталып шешімін табатындықтан, алдағы жылдардың еншісінде қалды.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Қайыңды да тұрғындардан түскен сауалдар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтып, алдағы уақытта ауылдарды көркейту жұмыстары жалғасын табатынына күмән келтірмеу керектігін жеткізді. Оған қоса қос ауылдың тұрғындарын шағын және орта бизнеспен айналысуға шақырды. Мемлекеттің қолдауын пайдаланып, жеңілдетілген несиелер алып, гранттарға қатысып түрлі кәсіп көздерін ашу қажеттігін баса айтты.
Тұрғындардың сауалына толық жауаптар берілген соң, аудан әкімі мен мекеме басшылары азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Р.S Жиыннан кейін аудан әкімі ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл- Көсембай- Ақжар -Ойыл.