ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«KITAPTIME-2023» ФЕСТИВАЛІ КІТАП СҮЙЕР ОҚЫРМАНДАР КЕШІ

Өткен аптада орталық кітапхана «KitapTime-2023» фестивалі аясындағы библиокафе шарасын ұйымдастырды. ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен кітап оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуалды жастарды ынталандыру, мәдени құндылығымызды халыққа жеткізу мақсатында өткен шарада кітап көрмесі, кітаптар шеруі секілді қызықты шаралар көп болды. Кітапханашылар кітаптарға шолу жасады. Оқырмандар дәмді кітаптардан нәр алды. Әсем ән мен мың мұралған бимен жалғасқан шарада, дастархан басынан орын алған қонақтарымыз жылы лебіздерін білдірсе, өлең сүйер оқушылар ұлы ақындардың отты жырларын оқыды.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, кітапты насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор, осындай фестивалді жыл сайын өткізіп отыруды қолға алу керек екенін жеткізді. Орталық кітапхананың белсенді оқырмандары, кітапханамен тығыз байланыста болып, іс-шараларға ат салысқан оқырмандарды «Үздік оқырман», «Оқырман отбасы», «Талғампаз оқырман» номинациялармен марапаттады. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиевтің Алғыс хатымен кітапхана ісіне бірлесе үлес қосып, ұйымдастырушылық қабілеттілігінің жоғарылығын көрсете білген бірқатар кітапханашылар марапатталды.
Мерекелік кеште кітапхана қызметкерлері «Кітап сарқылмас қазына» жаңа кітаптар көрмесін таныстырды.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА

Басқа жаңалықтар