ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

«КӨКЖАРДЫҢ ЖЫР ЖӘРМЕҢКЕСІ»

КЕЗІНДЕ РЕСЕЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ АТАҚТЫ 10 ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ, ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ 3 ЖӘРМЕҢКЕНІҢ БІРІ БОЛҒАН, АТАҒЫ АЙШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРГЕ ЖЕТКЕН «КӨКЖАР» ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ БИЫЛ 155 ЖЫЛ ТОЛДЫ. ЖЫЛ САЙЫН ЖАҢҒЫРЫП ОТЫРҒАН ЖӘРМЕҢКЕ «COVID-2019» САЛДАРЫНАН АРАҒА 5 ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ САЛЫП, БИЫЛ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ.

Осы орайда өткен сенбіде ауданымызда «Көкжардың жыр жәрмеңкесі» атты мәдени-сауықтық шарасы өтті. 50 өнерпаздан тұратын күйшілер сахна шымылдығын түрді.

Өнер мен сауда-саттықтың өркендеуіне жол ашқан киелі Көкжар жәрмеңкесі жиылған көпшілікке бейнебаян арқылы көрсетілді. Сахна төрі ән мен жыр алмасып, күймен көмкерілді. Сахналық қойылымдар аудан өнерпаздарының шеберлігінің нәтижесінде Көкжар жәрмеңкесін жаңғыртты.

«Ер Едіге» жыр мектебінің жыршылары киелі Көкжардың жыр жәрмеңкесін қыздырды. Шығанақ, Шернияз, Ботакөз, Әжібай би, Ишанбай Қарағұлов ауылдары бейнеленген ағаш үйлер тігілді. Көршілес, Байғанин, Қызылқоға, Қаратөбе аудандарынан келген қолөнер шеберлері киіз, ағаш, тері бұйымдарынан көрме өткізді. Сонымен қатар Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі «Көкжар жәрмеңкесі – киелі, Өлкенің сан ғасырлық тарихы» атты көрме ұйымдастырып, тарихи құндылығы бар жәдігерлер көрме тамашалаушыларын тәнті етті.
Сонымен қатар жәрмеңкеге жиылған көпшілік арасынан спортты серік қып жүрген жандар спорттық ойындар қол күрес, арқан тартыс, қазақша күрес бойынша сынға түсті. Ұлттық спорт түрлерінен өтккен жарыстың қорытындысы бойынша қазақ күресінен Бауыржан Мұрзағұлұлы ІІІ орыннан көрінсе, Асыланбек Жеңісұлы ІІ орынға ие болды. Ал, Ерғали Нұрекешов жеңімпаз атанды. Арқан тартыстан аудандық мәдениет үйінің жігіттері ІІІ орынды қанжағаларына байласа, 1988 жылы туылған азаматтар ІІ орынды еншіледі. Ойын басынан команда бойынша қарсылас шыдатпаған «Аралас» командасы І орынды жеңіп алды. Қол күрестен білекті, күшіне мығым, қол күрестің әдіс-тәсілдерін толық меңгерген жігіттер бақө сынасты. Нәтижесінде Асыланбек Қосанов ІІІ орыннан көрінсе, Ермек Мүсіров ІІ орынды місе тұтты. І орын жас спортшы Жігер Аманжоловтың еншісінде кетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, сыйлықтармен марапатталды.
Сауда қатарларында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, ет, сүт, өнімдері жәрмеңке сөрелерін толтырды. Тарқатып айтсақ, жәрмеңкеге 100 килограмм балық, 500 килограмм қой еті, 600 килограмм сиыр еті, 700 килограмм жылқы еті, 300 килограмм құс еті шығарылды. Ет өнімдері бойынша ірі қара етіне сұраныс жоғары болды. Жарты тонна сүт өнімі мен 8 тонна картоп кезегін күттірмей өтіп кетті. «Ақжол-М», «Спартак» шаруа қожалықтары жергілікті, картоп, қауын, қарбыз өнімдерін арнайы әкеліп ұсынды. Оған қоса, жергілікті «Еңсеген» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өздері еккен тары өнімін қалың жұртшылыққа шикілей сатып, тары өнімінің көрмесін өткізді. Сонымен қатар қысқы мал азығы әр ауылдық округтен арнайы жеткізілді. Алайда аудан тұрғындары қысқы мал азығын алуға аса құлшыныс танытпады. Енді санаулы күндерден кейін ауа райы күрт бұзылып, жауын-шашынға ұласса мал азығын тасымалдаудың өзі қиындық тудырары сөзсіз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар