Әкімдік
Рәміздер — мемлекеттің айбыны
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас белгілерінің бірі болып саналады. Ұлттық рухымызды асқақтататын қазақ елінің рәміздері әрқашан биікте тұруы қажет.
Осы орайда бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің аппарат басшысы Саян Сүлейменовтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер саласындағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында аудандық деңгейдегі семинар өтті. Оған аудандық мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық салалық бөлімдер мен басқармалардың басшылары және жауапты мамандары, аудан орталығындағы мектеп директорлары мен балабақшалар меңгерушілері қатынасты. Сонымен бірге семинарға арнайы қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Санжар Жайлыбай мен Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және метрология Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Ахметбек Алниязов арнайы қатысып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану мен жай-күйі жағдайын, түсі мен өлшемін, рәміздердің эстетикалық кескінін және мемлекеттік Елтаңбаның жаңа стандарттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге мемлекеттік Тудың түсі оңып кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, үнемі бақылауда ұстауға шақырды. Әрине, әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Атап өтсек, семинар кезінде бірқатар мекеме басшылары ескі рәміздерді жою жолдары мен Тудың сапасы жөнінде мәселе қозғады. Сондай-ақ кейбір ескі ғимараттардың құрылысына сәйкес мемлекеттік рәміздердің қойылу тәртібін нақтылап алды.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.