ӘкімдікБасты тақырыпРухани жаңғыруСұхбатЭкономика
Көшпелі кеңес — ауылдың ертеңі үшін…
Өткен аптада аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі және білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен көшпелі отырысы ауданның Ш.Берсиев атындағы, Саралжын және Қайыңды округтерінде өтті. Тұрақты комиссиясының отырысына аудандық мәслихаттың хатшысы Сакен Займолдин, аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі қатысты.
Көшпелі кеңесте ауылдық округ әкімдері депутаттар алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Әсіресе, «Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» қағидалары мен аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 27 тамыздағы №70 «Ойыл ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» шешімдерінің орындалу барысы тыңдалды.
Мәселен, Ш.Берсиев атындағы ауылдық оркуг әкімі Әділбек Ізбасов аталған қағиданы орындауға қауқарсыздық танытып отыр. Олай дейтініміз, басқа елді-мекендерді айтпағанда, округтің орталығында да тұрғындардың сауын малдарын бағу ұйымдастырылмай отыр. Яғни, жайылымды тиімді пайдалану туралы талап жайына қалды деген сөз. Өйткені, бұл округте тұрғындардың малының өрісінің тапшылығы бар. Шаруашылықтардың жері ауылдың іргесіне тіреліп тұр. Сондықтан, қағиданы орындау арқылы тұйықтан шығуға болады. Бірақ, күтусіз бетімен жайылған мал талапты орындауға мүмкіндік бермей тұр. Осыдан кейін «Ерте барсам, жерімді жеп қоямын деп, Ықтырмамен күзеуде кім отырады?»
Саралжын ауылдық округінде мәселе нақты қолға алынғаны көрініп тұр. Ауылдың малы күтумен бағылады. Тәртіп бар жерде талапты талқылау артық. Рас, Қайыңдыда жайылым тапшылығы жоқ. Бірақ, бұл малды бағусыз бетімен жіберуге болады деген сөз емес. Өйткені, орындалуы тиіс арнаулы қағида бар.
Көшпелі кеңесте округ әкімдері Ақтөбе облыстық мәслихатының «Ақтөбе облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары», «Ақтөбе облысы бойынша жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары», «Ақтөбе облысы бойынша үй жануарларын ұстау және серуендетудің қағидалары», «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың, абаттандырудың қағидалары», «Ақтөбе облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларының» округ аумағында орындалу барысы жайлы да баяндады. Әрине, барлық округте де мәселе бар. «Қысқа жіптің күрмеуге келмейтіні» сияқты қаржының қолбайлау тұстары да жоқ емес.
Р.S. Барлық округте де көшпелі кеңес күн тәртібіне көтерілген мәселелер бойынша қаулылар қабылдады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Сакен Займолдин бастаған депутаттар ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен шаруашылықтардың тынысымен танысып, ауыл ақсақалдарына арнайы сәлем берді. Қайыңды ауылдық округінде елу жылдан астам бағбандықты серік етіп келе жатқан Жоламан ақсақалдың бақшасына барды. Сексеннің үстіне шықса да көкөністің бірнеше түрін өсіретін Жоламан ақсақалдың бұрынғы «хоббиі», қазіргі ермегі – облыста қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасын өз бетімен жүзеге асырып жатқанының шынайы көрінісі.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.