Әкімдік

Қаракемер мен Ақшатау: мал бағу, жол мәселесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен аптада аудан әкімі Асқар Қазыбаев Қаракемер, Ақшатау елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Екі ауылда да кездесу барысында негізінен мал азығын ертерек қамдау туралы мәселеге баса назар аударды және алдағы атқарылатын басты міндеттерге тоқталып өтті.

Кездесу жиынында қойылған сұрақтардың дені жеңілдетілген несиелер алу, жер алу сынды ауыл шаруашылық және жер бөлімі салаларына бағытталды. Көптің қозғаған тағы бір ұсынысы мал күтуін ұйымдастыру, бағылуын қадағалау секілді өзекті мәселелер қозғалды. Аудан басшысы сол малдардың бағылуына мән берді. «Ең бастысы тұрғындардың малдарының бақташысы болу керек. Аталық малдарды көбірек қосып, асылдандыру жұмысы ауыл тұрғындарында баяу. Ал шаруа қожалықтары мұндай жұмыстарды өздері үшін жасайды. Біз жеке тұрғындардың арасында осындай жұмыстарды ұйымдастыруымыз керек» — деді.

Негізінен ауыл маңындағы тұрғындардың малы жайылатын өрістің тарлығы мен жеке малдарды бақтыру мәселесін тілге тиек етті. Және тағы бірі — жол мәселесі. Яғни көктемгі қатынастың қиындығы талай жылдардан бері тұрғындар тартып келе жатқан тауқымет. Тұрғындардың өтініш-тілегіне, ұсыныстарына құлақ түрген аудан басшысына ақшатаулық тұрғындар заманға сай ауылдық клуб салу ұсынысын айтты. Алдағы уақытта бұл мәселе де демеуші табылса, шешімін табатынын айтты.

Тұрғындармен кездесуге аудан прокуроры Нұрлыбек Жолаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Берекенов, Ойыл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев және бірқатар мекеме басшылары қатысты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Қаракемер-Ақшатау-Ойыл. 

Басқа жаңалықтар