ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРМЕН
ҰЛЫҚТАЛҒАН МЕРЕКЕ
Ауылшаруашылығы қызметкерлері күні ауданымызда жыл сайын ерекше сән-салтанатпен аталып жүр. Биыл да өткен сенбі күні ауылшаруашылық қызметкерлерінің күні кең көлемде аталып өтті. Керемет кеште ұлттық спорттың түрлерінен жарыстар, аламан, құнан бәйге ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға аудандағы барлық жеке шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне тікелей ат салысты. Мерекеге жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов құттықтаса, Бауыржан ақсақал бата берді.
Жеке шаруа қожалықтарының қолдауымен өткен бәйгеге көрермендер күннің ызғарына қарамастан көптеп жиналды. Қала, аудандардан келген «мыңнан шыққан тұлпарлар» жиналған көптің делебесін қоздырып, ынтықтыра түсті. Аламан бәйгеде 10 жүйріктен суырыла шыққан мұқырлық Еркін Бозалұлының «Сомбалақ» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші кессе, Ақтөбенің Ерсұлтан есімді шабандозының «Шорх» атты тұлпары мәреге екінші болып келді. Ал, мәреге Нұрбек Сағымбаевтың «Құндыз» атты тұлпары үшініші болып жетті. Құнан бәйгеде қобдалық Ғалымжан Суликановтың «Айшах» атты сәйгүлігі үш айналымнан мәреге бірінші жетті. Екінші орынға ойылдық Нарымтай Маратұлының «Сұлғыны», үшінші орынды Мұхит Рахатовтың «Хабары» өзара бөлісті.
Бұдан кейін жігіттердің ептілігін, білектерінің күштілігін сынайтын қол күресінен І орын Асхат Елеусінов, ІІ орын Зейнур Берғалиев, ІІІ орын Алтынбек Төлепберген иеленді. Тоқты көтеруден ойылдық Жазылбек Ғұмаровке тең келер болмаса, қошқар көтеруден ойылдық Берген Жөкешов мықтылығымен көзге түсіп, жеңіс тұрғырынан көрінді. Осы тоқты, қошқар көтеру сайысына «Жандос», «Рахат», «Бекжан» шаруа қожалықтарының төрағалары демеушілік етті. Спортшыларымызды марапаттау рәсімінде барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал, атбегілер мен ат спорты жанкүйерлерінің тілегі осындай ат үстіндегі ұлттық ойын түрлерін ауданымызда әлі де жандандыра түссе дейді.
Ауылшаруашылық қызметкерлерінің мерекесі әрі қарай «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында жалғасты. Онда аудан әкімі Асқар Қазыбаев мерекелік тілегін жеткізіп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі және қажырлы еңбегі үшін шаруа қожалық қызметкерлері әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды. Салтанатты шара соңы концертке ұласып, еңбек майталмандары мерекелік дастарханда бас қосты.
Г.АЛЕКСЕЕВА.