Басты тақырып
Құрбан Айт — ізгілікті мереке
Өткен сенбі күні барша мұсылман қауымы үшін қасиетті мереке — Құрбан Айт басталды. Осы мерекенің құрметіне орай ойылдықтар таңертең Айт намазын оқыды. Ойыл аудандық мешітінің имамы Сұлтанбек Мұқашев Айт намазына жиналған жамағатқа айт намазының қадір қасиетін, Құрбан Айт мерекесінің маңызы мен мағынасын түсіндіріп, атқарылатын амалдарды жеткізді. Айт намазынан кейін ауыл ағалары бата берді. Арнаулы мал сою пунктінде барлық талаптар сақтала отырып жамағаттың құдай жолына арнаған құрбандықтары шалынды.
Мұсылман қауымы үшін үлкен мереке саналатын айт намазынан кейін аталған мешітте ұлттық ойын түрлерінен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздары марапатталды. Ауыл ақсақалдарына ас берілді.
«Негізінде Құрбан Айт мерекесі тек ғана құрбандық шалумен шектелмейді. Үш күнге созылатын мерекеде адамдар мейлінше ізгі амалдар жасап, сауап жинап қалуға тырысуы керек. Сонымен қатар, айт күндері адамдар бір-бірінің халін сұрап, сыйлық бергендері де абзал» — дейді Ойыл аудандық мешітінің имамы Сұлтанбек Мұқашев.
Р.S. Жалпы Ойыл ауданы бойынша Құрбан Айт күндері үш ірі қара, 69 қой құрбандыққа шалынып, еттері мұқтаж 183 отбасына таратылды.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.