ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

Қызмет жүктеген міндеттің мерейі

Әлемдегі барлық елдердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі мемлекеттілікті одан әрі нығайту халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызмет саласында бірнеше реформалар жүзеге асып, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі әзірленді.

Бүгін аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Талант Медет аудандағы мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Талант Бақбергенұлы өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметшінің міндеті мен әдебі және оларға қойылатын талаптар туралы баяндап, ауылдық, аудандық деңгейге жұмыс жасауға баратын жас мамандарға жасалатын жеңілдіктер жайын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалынып жатқанын жеткізді.
-Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы – Әдеп кодексі, ол – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді.
Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек, — деген ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отырғанын нақты мысалдармен жеткізді.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу соңында мемлекеттік қызметшілердің сауалдарына жауап берді.

Басқа жаңалықтар