ӘлеуметБасты тақырып

ЕҢБЕГІ ЕЛДІҢ МЕРЕЙІ

Біздің буын заманалар ауысуы кезеңінде өмір сүрді. Қазақстанның КСРО құрамында болған социалистік құрылыс заманында өмірге келдік, ер жеттік. Есейіп, азамат болған шағымызда еліміз тәуелсіз мемлекетке айналды.

Біздің ұрпақ біріне-бірі мүлде ұқсамайтын екі әлеуметтік-экономикалық формациялардың куәгері болды. Сөз жоқ әр қайсымызға қоршаған қоғамдық болмыс өз әсерін тигізді. Өмір сүру барысында санамыз бен дүниетанымымызда түбегейлі өзгерістер болып өтті. КСРО-ның күйреуінен болған дағдарыстық ахуалы, тәуелсіз Қазақстанның өмірге келіп қалыптасуы үдерісіндегі барша қиыншылықтардың куәсі болдық. Тәуелсіздіктің тауқыметті жолымен жүрудің ел халқына түскен сын екендігін сезіндік.
Бірақ, жас буын уақыттың талабына тез бейімделді. Солардың бірі – Ойылдың еліміздің тәуелсіздік алған жылдарғы тоқырау кезеңінің ыстығы мен суығын бірге көрген замандасымыз Исатай Берғалиев. Исатайдың қоғамдық өзгерістерге алғашқы болып ұмтылуы – осы сөзімнің дәлелі болса керек. Өйткені, оның мамандығы да сол экономист-менеджер. 21 жасында-ақ ешкімге жалтақтамай, «тәуекелдің жел қайығымен» шаруа қожалығын ашып, өзінің кәсібін жүргізді. Ісімен үлгі болып, достарына үнемі қарайласуды, көмектесуді өзінің міндеті деп білетін жігіттің жақсылығы елдің аузынан түскен емес. Жасынан белсенді ол қоғамның ортақ мәселелеріне де бейжай қарамайды. «Ел мақтаған жігіттің» еңбектегі еншісінен тыс туған жерін түлетуге қосқан үлесі де ұшан-теңіз.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін жігіттің «жалақы алмайтын» қоғамдық негіздегі жұмысы көп. Шаруалардың мәселелерін талай биік мінбеден байсалды, сауатты жеткізе білгеніне куә болдық. Аудандық мәслихаттың депутаттығына түскенде сайлаушылардың оны бірауыздан қолдауы да сондықтан. Алдына келген адамға уақытын бөліп, мәселелерін шешуге ықпалын тигізіп, шапағатын шашып жүретін азамат бүгінде аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, халықты әлеуметтік қорғау және аграрлық сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. Екі шақырылым бойы депутаттық мандатты мақтаныш немесе мансап үшін емес ауданның алға жылжуы, халықтың әлеуметтік тұрмысын арттыруға пайдаланып жүрген жігіттің қоғамдық жұмыстары да елеусіз қалған жоқ. Аудан, облыс әкімдерінің алғыс марапаттарын айтпағанда, мемлекет басшысының, Сенат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Кеудесінде жарқыраған «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалы да Исатайдың қоғамдық жұмыстарының жемісі деуге болады.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар