Әлеумет

Жастардың жамағатқа жақсылығы

Алланың бары ақиқат. Оған мың-сан дәлелдел келтірілген. Киелі «Көкжар» жұртшылығы да «Бір Құдайдың» барына сенеді. Себебі әр істі «Бісмілләсіз» бастамаған. Әрдайым «шүкіршілік» етіп, тірі жанға қиянат келтірген емес. Қазіргі таңда аудандық мешітте Құдайға құлшылық қылып жүрген жамағаттың қатары көз қуантады. Мұндағы иман жүзді жастар үнемі жақсылық жасауға жаны құмартып тұрады. Оған талай мәрте куә да болдық.
Есімізге түсірсек, былтырғы жылы Ойылдың 1982 жылы туылған азаматтары айлардың сұлтаны, қасиетті «Рамазан» айында Ораза тұтқан жамағатқа алғаш болып «Ауыз ашар» берген болатын. Осындай сауабы мол істі 1982 жылы туылған азаматтардың соңынан тетелеп ізін басып келе жатқан жастар әрі қарай жалғастырған еді. Одан бөлек, сонау XIX ғасырдың соңында бой көтеріп, сол уақыттан қазірге дейін сақталып келген мешіттің жөндеу жұмыстарына, яғни, жаңалау, тазалау, абаттандыру жұмыстарына мешіт жамағаты жұмыла атсалысып жүр. Оның тағы бір көрінісі жақында ғана аудандық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлының бастамасымен мешіттің тахаратханасын жөндеу жұмыстарына бірі қаржылай, бірі қолдай көмектерін көрсетті. Осындай ізгі істің нәтижесінде мешіттің тахаратханасы заманауи үлгіде жаңғырып шыға келді. Енді мешітке бас сұққан жамағат арнайы тахаратханада дәрет алады. Бұл әсіресе, алыс сапардан келгендерге немесе жұмыстан қол үзбей уақыт үнемдейтін жамағат үшін жақсы жағдай болмақ.
Демек, бұл ұрлық-қарлық, кісі һақысын жеу, бұзақылық әдеттерден арылып, ата-ананы құрметтеу, үлкенге ізет, кішіге құрмет қылып, адамгершілікке ұмтылып жүрген жастарымыздың қатарының көбейгені. Ұлттық сана-сезіміміздің нығайғаны. Ұлттық рухымыздың оянғаны. Лайым осылай болғай!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар