Басты тақырыпБілім
Арманым — сахна жұлдызы болу…
Ойыл аудандық балалар кітапханасы – аудан орталығындағы балалардың рухани дамуына өзіндік үлес қосатын бәрден-бір мәдени орталық. Кітапханаға келетін әрбір баланы зерттеу арқылы, оның неге бейімділігі мен қызығушылығы бар екенін байқап, соны дамытуға күш саламыз. Сондай дарынды жас оқырманның бірі — Болатқызы Айым. Айыммен танысуым да қызық болды. Анасы Ажармен сөйлесу барысында, қызы Айымның әртүрлі фотоларын қарап отырып, баланың көзінде бір ұшқын бар екенін байқадым. Сосын Ажарға ұсыныс айттым, Айымның анасы бірден келісім берді. Соның арқасында «Айым Шоқанның ертегілері» атты жаңа рубрикамыз дүниеге келіп, қазіргі күні онлайн түрінде жас көрермендерге тұрақты түрде ұсынылып келеді. Азғантай уақыттың ішінде «Бауырсақ», «Қасқыр мен қоян», «Қоянның екі түрлі киімі», «Мақта қыз», «Қызыл телпек», «Қарлығаш пен дәуіт», «Ақылды балапан» атты ертегілерді жас бүлдіршіндер қызыға тамашалауда. Айым — Құрман орта мектебінің даярлық сыныбын аяқтап, алдағы оқу жылы мектеп қабырғасын аттайды. Қазірдің өзінде есте сақтау қабілетімен бірге жеткізу шеберлігіне төселіп қалған Айымның болашағынан зор үміт күтеміз. Ал, Айымның арманы болашақта сахна жұлдызы болу екен. Кішкентай жұлдыздың жарқырауы үшін жанын салып еңбектеніп жүрген анасы Ажар, атасы Алтай мен әжесі Гүлнардың да жиен қыздарының үмітін үкілеп, бар жағдайын жасап қамқор көңілдерін білдіруі, жас бүлдіршіннің қанатын кеңге жаюуына мүмкіндік берері сөзсіз.Біз де балалар мерекесі қарсаңында Айымға жолың ашық болсын, кішкентай жұлдыз деген ақ тілегімізді білдіруді жөн көрдік.
Г.Қаплиева,
Балалар кітапханасының аға кітапханашысы.