ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ЖАҢА ЖЫЛҒА ЕРЕКШЕ СЫЙ
Жаңа жыл қарсаңында Рыскүл Мыңбаева Ойыл ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына мүгедектер арбасын тарту етті. Рыскүл Реймбергенқызы – Өзбекстан елінен 2007 жылы қоныс аударған қандасымыз. Жолдасы екеуі екі баланы өсіріп, бүгінгі күні немерелерінің қызығын көріп отырған абзал жандар. Ойыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөліміне мүгедектер арбасының қажет екенін естіген ол қарап қала алмағанын айтады.
Өзі де 2 топтағы мүгедек болғандықтан, мұқтаж жандардың қажеттілігін жете түсінеді. «Ақтөбе облыстық ерікті мүгедектер қоғамы» ҚБ-нің Алға аудандық филиалына жетекшілік ететін Рыскүл Реймбергенқызы 4 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, демеушілік жасап келеді. Басты тілегім — елдің тыныштығы мен ұрпақ саулығы-дейді ол.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК ерекше қажеттілігі бар қызметкерлеріне және қызмет алушыларына ыңғайлы жағдай жасауға барынша мән береді. Өз клиенттерінің толыққанды қызмет алуы және мүмкіндігі шектеулі қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау білдіру – корпорацияның негізгі қағидаларының бірі. Осыған орай, филиал барлық ХҚКО-ды мүгедектерге арналған арбалармен қамтамасыз ету міндетін қойды. Облыс орталығындағы ХҚКО толық жабдықтаған филиалдың бірнеше ауданды қамтамасыз етуде қиыншылықтары болған еді. Қазіргі таңда осындай қайырымды жандардың арқасында облыстағы барлық ауданда мүгедек жандардың емін-еркін қозғалуына толық жағдай жасалынып отыр.
Сонымен қатар еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында пандустар, шақыру тетіктері, тактильді жолдар, жеңілдік терезелері мен брайль тақтайшалары секілді жеңілдік құралдары орналастырылған. Сондай-ақ, фронт офистерде ерекше қажеттілігі бар кісілерге қызмет көрсететін арнайы «жеңілдік терезелері» де бар. Ал 1,2-топтағы мүгедектігі бар тұлғалар 1414 нөміріне қоңырау шалып немесе gov4.kz сайтына өтініш қалдырып, қызметкерлерді үйіне шақыра алады. Сонымен қатар, әр ХҚКО-да мүгедек жандарға арналған арнайы арбалардың болуы – қазіргі таңда міндетті атрибуттардың бірі.