ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпРухани жаңғыруСпорт

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕНІҢ ҰЛАҒАТЫ

Ислам дініндегі қастерлі екі мерекенің бірі болып саналатын ұлық мерекені ойылдықтар биылғы жылы да әдеттегідей дүбірлетіп атап өтті.
Айт намазына жиналған жұртшылыққа «Осынау үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән маңызы зор, өнегесі өзгеше.
Адамдар Ұлы Жаратушы Иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міксін жандарға қамқорлық көрсетеді. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасайтын күн»,- деп аудандық мешіттің имамы Нұрлан Майлыбаев мерекенің мән-маңызын түсіндірді.
Одан кейін арнаулы мал сою цехында жамағаттың ұсынған құрбандықтары шалынып, тұрмысы төмен, көмекке шын мұқтаж отбасыларға таратылды. Яғни, Құрбан айттың алғашқы күні жеті ірі қара, 102 ұсақ жандық шалынып, 146 отбасына берілді.
Бұл жерде ерекше тоқталатыны, кәсіпкер Нұрбек Жабасов өз отбасының атынан бір ірі қара шалса, Абат Ерғалиевтың балалары жеті бас ұсақ жандықты құрбандыққа шалып, таратты.
Аудандық мешіттің ауласында ұйымдастырылған спорттық ойындар мерекенің нағыз көрігін қыздырды.
Соңғы жылдары жұртшылықты баурап бара жатқан садақ атудан өткен жарыста Досбол Аманғосовтың көрсеткіші басқаларынан көш ілгері болса, қол күресте Әлішер Ысқақовқа тең келер ешкім табылмады. Мерекенің нағыз қызығы – қошқар көтеру болды. Бұл сайыста екі жігіттің көрсеткіші тең болды. Екеуі де ісек қошқарды қырық рет көтерді. Бірақ, Есет Нұршин «Болам деген жігіттің жолын кеспе, белін бу» деген қағидаға сүйеніп, қосымша көрсеткіштерге жүгінуге ұмтылған төрешілерге тоқтау салып, бас жүлдені жас жігіт Берген Жөкешевке ұсынып, ағалық мәрттік көрсетті. Мерекелік шарадан соң, мешіттің ауласына жайылған дастарханда жұртшылыққа дәм ұсынылды.
Аудандық мешіттің имамы Нұрлан Майлыбаев пен жамағаты бастамашы болған шараға жергілікті халық та, кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп ауызбіршілік танытқандығын айта кеткен жөн.

Басқа жаңалықтар