ӘкімдікБасты тақырып
Есепті кездесу елдің ортақ мәселесін шешу үшін керек!
ӨТКЕН БЕЙСЕНБІДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУЛЕРІ САРАЛЖЫН, ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ. ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АСҚАР ҚАЗЫБАЕВ АУДАННЫҢ ӨТКЕН ЖЫЛДАҒЫ ЖАЛПЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ МЕН 2022 ЖЫЛҒЫ МІНДЕТТЕРДІ САРАЛАДЫ.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин және бірқатар мекеме басшылары бастаған топ алдымен Саралжын ауылдық округінде болды. Онда округ бойынша өткен жылдың жемісі мен жасалған жұмыстары бойынша есеп берді. Ауыл әкімінің есептік баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан сауалдар көп болды. Бірі ауқымды жобаларға бөлінген қомақты қаржының қалай игерілгенін сұраса, бірі әкімнің жұмысына күмәнмен қарады. Сондай-ақ, шиқұдықтықтардың атынан қысқы қатынастың қиындығы мәселесі көтерілсе, жер мәселесін көтергенде осы шиқұдықтықтар болды. Әрбір қойылған сауалға лек-легімен жауап берген ауыл әкімі ауылдағы қомақты қаржыны қажет ететін жобалар жеке кәсіпкерлердің жеке қаржысы арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Ал, үкіметтің немесе аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы арқылы жүзеге асырылатын межелі істерде ешқандай да жемқорлық болмайды, оны арнайы комиссия тексеріп, мердігерлердің де жұмыс сапасы үнемі қадағалауда болатынын ашып айтты. Расында ауыл әкімінің жұмысына қырғи қабақ танытып отырған кейбір ауыл тұрғындарының сауалдары шашыраңқы, нақты болмағандықтан жауап беру мүмкін болмады. Тіпті орындалмайтын ұсыныстар да болды. Олай дейтін себебіміз, шөптің бағасын 100 теңгеге түсіру деген «үш ұйықтасам түсіме кірмейді» дегенге саятындай.
Әкімдердің есеп беру кездесулері түстен кейін Қайыңды ауылдық округінде жалғасты. Қайыңды аудан орталығынан шалғай орналасқан округтердің бірі. Сондықтан қыста қатынау оңай емес. Біз барғанда күн суытып, ақ түтек боран ойнақ салып тұрды. Есептік кездесуге ауыл тұрғындары жиналғаннан кейін ауыл әкімі Ырғызбай Қосдәулетов өткен жылда атқарылған жұмыстарға кезең-кезеңімен тоқталып өтті. Қайыңды мемлекеттік қолдауынан тыс қалмайды. Былтыр ауыл жастары үшін заман талабына сай шағын футбол алаңы салынса, биыл ауылдың ауданға қатынайтын жолына күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жүзеге аспақ. Келесі ретте тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерге кезек берсек, ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов алдымен ауылға жедел жәрдем көлігі керектігін жеткізіп, қысқы отынның сапасына мән беріп, ауылға балалар ойын алаңы салынса деген ұсыныс тілегін айтты.
P.S. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев Саралжын мен Қайыңды да тұрғындардан түскен сауалдар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтып, алдағы уақытта ауылдарды көркейту жұмыстары жалғасын табатынына күмән келтірмеу керектігін жеткізді. Оған қоса қос округтің де тұрғындарын шағын және орта бизнеспен айналысуға шақырды. Мемлекеттің қолдауын пайдаланып, жеңілдетілген несиелер алып, гранттарға қатысып түрлі кәсіп көздерін ашу қажеттігін баса айтты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Қайыңды-Ойыл.