Экономика
Ауқымды энергияның бастауы
Қазір біз әлемді АЭС-ы барлар және АЭС-ы жоқтар деп екіге бөліп қарайтын болдық. Уақыт соған жеткізді. Атом энергиясын қолдану тәуелсіздік алғалы арагідік айтылып қалушы еді. Тіпті бірқатар алғышарт та жасалды. Курчатовта, Алматыда, Ақтауда реакторлардың іске қосылуы – соның дәлелі. Бірақ мәселе Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін белсенді қозғала бастады. Мемлекет басшысы энергия тапшылығы алқымнан алғалы тұрған шақта атомсыз алға жылжудың мүмкін еместігін айтты. Кәнігі сарапшылар да кәсіби дәлел келтірді. Әлем тәжірибесіне үңілсек те, атом туралы әңгіменің бекер айтылмағанын бағамдаймыз.
Оңтүстік Корея 2038 жылға дейін 6 жаңа реакторды іске қосуды жоспарлап отырған көрінеді. Елде қазір 23 энергоблок жұмыс істейді және олар бүкіл электр энергиясының үштен бір бөлігін өндіреді. Сонымен қатар атом энергетикасы тариф өсімін де шектей алып отыр дейді кәріс шенділері. Егер осы күнге дейін көмір арқылы энергия тұтынып отырған болса баға қазіргіден 17 есе қымбат болады екен.
Францияда да жақын арада осыншама реактор салынбақ. Бұл елде атом энергетикасын дамыту 100 мыңға дейін жұмыс орнын құруға жол ашады. Ядролық энергия өндіруден көшбасшы саналатын Францияда қазір 50-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Жақын жылдары тағы алтауының құрылысы басталады дедік қой, соған 100 мыңға жуық адам жұмылдырылмақ. Жалпы алғанда, атом электр стансасын салу және пайдалану мынадай игіліктерді туындатады:
- Тікелей және аралас салаларда бірнеше мың жұмыс орны ашылады;
- Ауаға таралатын зиянды зат мөлшері азаяды;
- Электр энергиясы бұрынғыдан да қолжетімді бола түседі;
- Әлеуметтік лифт күшейеді;
- Реактор маңайындағы елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түседі.
«Бір қызығы, елде жаңа реакторлар салу бағдарламасы жарияланған кезде, көптеген аймақ атом электр стансаларын өз аумағында орналастыру құқығы үшін күресті бастап кетті. Бұл – жергілікті деңгейдегі құлшынысты көрсететін маңызды белгі. Өйткені АЭС құрылысынан өңірге мультипликативті әсер болатынын олар жақсы түсініп отыр», дейді I2EN халықаралық атом энергиясы институтының директоры Ян ван дер Лее.
«Ұлттық ядролық орталық» бас инженерінің орынбасары Денис Зарваның сөзінше, дәл қазір елімізде энергия тапшылығының алапат қарқынмен өріс алып келе жатқаны жасырын емес.
«Шынын айтқанда, елдегі жылу электр стансалары өзінің ақырғы ресурстарын сарқып пайдаланып жатыр. Жылу электр стансалары маңындағы радиациялық сәуле АЭС маңындағы сәуледен (табиғи нормаға сәйкес) бес есе артық. Себебі көмірде табиғи радионуклидтер бар, ол жанғыш өнімдермен бірге атмосфераға таралады. Оның үстіне біздің алдымызда 2060 жылға таман көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеті де тұр. Біз үшін атом энергетикасы таңсық нәрсе емес. Мәселен, Ақтауда әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор жұмыс істеді. Қазір де үш реакторымыз бар», дейді маман.
Оның айтуынша, кадр мәселесінен де кемшілік болмауға тиіс. Өйткені дәл қазір отандық атом саласында 17 мың маман еңбек етіп жүр.
«Үкімет те атом энергетикасының жаңа мамандарын даярлауға ден қойды. Қазір де жоғары білімді азаматтарымыз бар. Қай реакторды таңдамасақ та, оның маман дайындайтын құзыреті біздің пайдамызға жұмыс істейді. Бізге ел экономикасын дамыта түсу үшін энергия көздерін әртараптандыру өте маңызды. 2025 жылға дейінгі энергетикалық баланста 26,5 ГВт жаңа генерация енгізу жоспарланған. Бұған генерацияланған базалық қуаттылықтың 10 пайызын беретін АЭС те қосылады деп үміттенеміз», дейді Денис Зарва.
«Ядролық физика институты» бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевтың сөзінше, АЭС-ке қатысты күдік-күмәнді объективті фактілермен сейілтуге болады.
«Біріншіден, құрылыс және атом электр стансасын пайдалану кезіндегі басты басымдық қауіпсіздікке беріледі. АЭС құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Екіншіден, еліміздегі АЭС құрылысында III және III+ санатына тиесілі технологиялық құрылғыларды пайдаланады. Мысалы, Чернобыльдегі АЭС – 1977 жылы, Фукусима АЭС-і 1971 жылы салынған. Үшіншіден, статистика бойынша атом электр стансаларында аса қауіпті апат 10 миллион жылда бір мәрте ғана болуы мүмкін. Бұл ретте жылу электр орталықтарындағы апаттың туындау ықтималдылығы 80 есе жоғары», дейді маман.
Сала сарапшыларының сөзінен ұққанымыз, ядролық реактор көмегімен аз отын шығындай отырып көп энергия алуға, тұтынуға болады. Бұл – тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы.
«Егер біз жеткілікті қуаттылықпен АЭС тұрғызар болсақ өз қажеттілігімізді жауып, тіпті АЭС-і жоқ көрші елдерге экспорттай да аламыз. Қуаттылық бойынша да, электр энергиясының бағасы бойынша да тұрақты бола түсеміз», дейді атом және термоядролық энергетика саласының зерттеушісі Инеш Кенжина.