Әлеумет

Тиімді баға мен Табыстағы тарту

 

 

 

«Туған жерім-нұрлы елім!» атты Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданының күндері келесі күні сенбіде «Табыс» коммуналдық базарында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Сағат сегізден бастап базар сөрелерін ет, сүт, тары өнімдері толтырды. Жалпы жәрмеңкеге шығарылған 2,36 тонна сиыр, 830 кг қой, 750 кг жылқы еттерін қала тұрғындары нарық бағасынан әлдеқайда арзан бағамен әп сәтте үлестіріп алды. Одан басқа 190 кг майқұрт, 75 кг сары май, 50 литр қаймақ, 30 кг ірімшік 50 литр құрт, 210 кг тары, 125 кг талқан, 355 литр қымыз, 200 литр шұбат, сүт өнімдерінен жасалған түрлі тағамдар шығарылды. Кең далада еркін жайылған малдың еті қашанда дәмді келеді. Мұны соңғы уақытта қалалықтар да жақсы біледі. Сондықтан Ойылдың жәрмеңкесіне асыққан адам легі түске дейін сиремеді. Үсті-үстіне топырлаған тұтынушылар сол күні «Табыстан таңдаған» өнімдеріне қол жеткізді. Әсіресе, Ойылдың еті сатылатын сөреде кезекте тұрғандар көп болды. Жәрмеңкеге таңертемен ағылған қала жұртшылығына ыстық бауырсақ пен күріш тегін таратылды. Сонымен бірге ашық аспан астындағы сахнада мерекелік концерт ұсынылды. Бұл шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин ойылдықтар жәрмеңкеге тиянақты дайындықпен келгенін, халыққа арзан, әрі сапалы өнім ұсынғанын айтты. «Ойылда халықтың сұранысына ие ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан алуан түрлері өндірілетіні осы жәрменкеден-ақ байқалып тұр. Сол себепті, «Табыс» коммуналдық базарында Ойыл ауданының шаруашылықтары үшін арнайы сауда орындарын (бутик) ашқан дұрыс. Бұл ойылдық кәсіпкерлердің өз өнімдерін облыс орталығында делдалсыз тікелей өздерінің сатуына үлкен мүмкіндік болады», — деді Мавр Абдуллин.

Басқа жаңалықтар